Logo
Іздеу
Айдарлар

"Қуаныштан жылап отырмын": аутизмі бар оқушы еліміздегі беделді университетке грантқа түсті

/
"Қуаныштан жылап отырмын": аутизмі бар оқушы еліміздегі беделді университетке грантқа түсті
видеодан скриншот

Аутизм спектрі бұзылысы бар жас түлек Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орындарының біріне грант жеңіп алды. Qaz365.kz тілшісі логопед-мұғалімі Жандос Сайлаубайдан осы турасында сұрап, сұқбаттасты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ұстаздың айтуынша, бұл жеңіске жету жолы ұзақ әрі қиын болған. Ол ерекше оқушымен бірінші сыныптан бастап жұмыс істеп, мінез-құлық коррекциясынан бастап барлық пәндерді баланың қабылдау деңгейіне бейімдеп үйреткен. Математикадан қазақ тіліне дейінгі материалдарды өзі алдын ала меңгеріп, содан кейін ғана түсіндірген.

"Шыны керек, бұл – мен үшін де үлкен қуаныш. Аутизм бұзылысы бар бала грантқа оқуға түсті. Бұл хабарды естіп, мамасымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, жылап та алдық. Бірақ ата-анасының өтініші бойынша баланың аты-жөні мен суретін жариялай алмаймын. Соңғы 11 жылда бірнеше рет пәтер ауыстырдым, ал олар әрдайым менімен бірге жаңа мектептерге көшіп отырды. Бұл жолдағы қаншама уақыт, күш, қиындықтар – бәрі есіме түсіп, көңілім босады. Мамасы әлі төрт жыл бойы бізбен байланыста болатынын айтты, бірақ мен өз бетімен де өмір сүріп көруіне мүмкіндік беруді ұсындым", – дейді Жандос Сайлаубай.

Алғашқы жылдары агрессия мен гиперактивтілік белгілері басым болып, қоғамдық ортаға бейімдеу үшін көп күш жұмсалған. Инклюзивті білім беру енді қалыптаса бастаған кезеңде анасы мен ұстаз әр мектепте мұғалімдерге баланың жағдайын түсіндіріп отырған. Жандос Сайлаубай бірнеше рет пәтер ауыстырса да, оқушының анасы уәдесінде тұрып, 11-сыныпқа дейін бірге жүрген.

"Қоғамдық ортада өзін ұстай білуі үшін ұзақ дайындық қажет болды. Мектеп бағдарламасы барлық оқушыларға бірдей болғанымен, мен оны баланың жеке қабылдау деңгейіне сәйкестендіріп түсіндірдім. Математикадан бастап, қазақ тіліне дейін – бәрін өзім оқып, меңгеріп барып үйреттім. Диагноз – бала кезден басталған аутизм. Уақыт өте келе симптомдары жеңілдегенімен, диагноз сақталған", – дейді логопед.

ҰБТ-ға дайындық та ерекше өтті – ұстаз өзі қажетті тақырыптарды үйреніп, содан кейін оқушыға жеткізген. Сабақтар көбіне кешкі уақытта өткен. Қазір шәкірті кәсіптік бағыттағы мамандық бойынша грант иегері атанып отыр.

Жандос Сайлаубай барлық ата-аналарға "ешқашан мойымаңыздар" деп кеңес береді. Оның сөзінше, ерекше баланы қатарға қосу үшін ең бастысы – шыдамдылық пен жүйелілік.