Logo
Іздеу
Айдарлар

1 қыркүйектен бастап мектеп асханасында пицца, шұжық, бәліш берілмейді – Министр Ғани Бейсембаев

/
1 қыркүйектен бастап мектеп асханасында пицца, шұжық, бәліш берілмейді – Министр Ғани Бейсембаев
Arasha.kz коллажы. Суретте: Ғани Бейсембаев

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларында шұжықты өнімдер (сосиски в тесте), пицца, түрлі нан-тоқаштар және зиянды сусындар мәзірден алынып тасталады. Бұл туралы білім министрі Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Брифинг барысында журналистер министрге оқушылардың мектептегі тамаққа жиі шағым айтатынын жеткізді. "Бес баланың біреуі тамақтың дәмсіз, суық келетінін және порциясының аз екенін айтады", – деді олар.

Ғани Бейсембаев бұл сындардың шындыққа жанасатынын растап, мәселені шешу үшін жүйелі жұмыс басталатынын атап өтті.

"Біз өткен оқу жылында Маңғыстау облысында 400 баланың уланғанын жақсы білеміз. Енді тамақтану мен санитарлық жағдайларға бақылау Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Бұл бізге өнімдер мен тамақтың сапасына қойылатын талаптарды күшейтудің бір себебі болды", – деді Бейсембаев.

Оның мәлімдеуінше, жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларынан нан-тоқаш өнімдері мен зиянды сусындар алынып тасталады.

"Бұл биылғы жаңалықтар. Сондай-ақ балалардың денсаулығына зиянды өнімдерді тұтыну шектеледі", – деді Ғани Бейсембаев.

Журналистің мектеп асханаларынан пицца мен сосискаларды алып тастау туралы сұрағына жауап берген Білім министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселенің қатаң бақылауда болатынын айтты.

 "Иә, бұл мәселе бақылауға алынатын болады. Жергілікті атқарушы органдар мен мектептер жаңа талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар тек дұрыс тамақтануды қамтамасыз етуге ғана емес, оның сапасына да сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған", – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, бұған дейін №8 Бесшоқы ауылындағы мектепте оқушылар жаппай уланған еді. Дәрігерлер 460 баланы тексеріп, 377-сін амбулаторлық бақылауға жіберді, ал 83 бала облыстық балалар инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Санитарлық нормаларды бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін мектеп асханасында жұмыс істеген қызметкерлерден стафилококк табылғаны анықталды.