WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Эгис Климас WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен жекпе-жек болмай қалған жағдайда боксшының алдағы жоспарлары туралы пікір білдірді, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жәнібектің промоутері – Top Rank. Мен оның менеджерімін, алайда матчмейкер емеспін. Дегенмен, сұрағыңызға жауап берейін: орта салмақта ірі есімдер көп емес. Мысалы, Лара бар, бірақ ол қазір бабында емес, дегенмен WBA белбеуіне ие. Жәнібек – ірі боксшы, қажет болса екінші орта салмаққа көтеріле алады. Алайда ол алдымен орта салмақтағы барлық белбеулерді біріктіруді мақсат етіп отыр. Сол себепті шыдамдылық танытып, титулдарды жинайтын сәтін күтіп жүр. Содан кейін ғана басқа салмаққа өтеді", – деді Климас 3 Knockdown Rule подкастында.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсірген болатын.