Түркістан облысында кәсіпкерді бопсалады деген күдікпен блогер Рүстем Ашетаевты ұстады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Түркістан облысында полиция жергілікті кәсіпкерден ақша бопсалады деген күдікпен шымкенттік блогерді ұстағандарын мәлімдеді. Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ер адамның әлеуметтік желіде жәбірленушінің беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, одан 2000 АҚШ долларын алып, тағы 4 миллион теңге талап еткені анықталды.
«Жедел уәкілдер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде блогерді Сайрам ауданы кафелерінің бірінде 6900 АҚШ доллары сомасында ақша алып жатқан сәтінде ұстады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ПД.
Halyqstan телеграм арнасы ұсталған Түркістан облысына танымал блогер Рүстем Ашетаев екенін жазды. Полициядағылар бұл мәліметті растаған.
Рүстем Ашетаев өзін шындық үшін күресуші етіп көрсетіп, тіпті Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болуға талпынып көрді, бірақ сайлауда жеңілген.
Дегенмен, қаланың қоғамдық кеңесіне мүше болып кіріп, әкімнің қолынан марапаттар алған.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.