Logo
Іздеу
Айдарлар

Трамп пен Путиннің кездесуі немен аяқталды?

/
Трамп пен Путиннің кездесуі немен аяқталды?
Сурет: ашық дереккөзден

Аляскада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің «3-ке 3» форматындағы кездесуі өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Келіссөздер шамамен үш сағатқа созылды. Кездесу қорытындысында Трамп Ресей мен АҚШ-тың, соның ішінде экономика саласында да, ынтымақтастыққа зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

АҚШ-тағы Ресей елшісі Александр Дарчиев келіссөздерге қатысты пікір білдіріп, жалпы атмосфераның оң болғанын жеткізді. Дипломатиялық мәселелер бойынша ілгерілеу жайында қойылған сұраққа ол:
«Біз тырысып жатырмыз, жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге үлкен серпілістер жоқ, сірә, бола қоймайды», – деп жауап берді.

Кейін екі ел басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.

Тар аяда өткен келіссөздерден кейін АҚШ пен Ресей президенттері журналистер алдына шықты. Дональд Трамп толық түсіністікке қол жеткізілмегенін және Украина бойынша мәміле жасалмағанын айтты, алайда оның сөзінше, болашақта келісімге келу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге ол Путинмен қарым-қатынасын «тамаша» деп атап, оның командасына алғыс айтты.

Владимир Путин кездесуді конструктивті деп бағалап, Трампты «қымбатты көрші» деп атады және шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Ресей президенті Ресей мен АҚШ қақтығыстан диалогқа өтіп, ынтымақтастықты қайта жаңғыртып, Украинадағы бейбітшілікке апаратын жолдарды іздеуі керек екенін баса айтты.

«Бүгінде біз Трамптың: «Егер мен президент болғанымда, соғыс болмас еді» дегенін естіп отырмыз. Менің ойымша, бұл шынымен солай болар еді. Мен мұны растаймын, өйткені жалпы алғанда президент Трамппен өте жақсы, іскерлік әрі сенімді байланыс орнаттық. Осы жолмен жүре отырып, біз — қаншалықты тез болса, соншалықты жақсы — Украинадағы қақтығысты аяқтауға жете аламыз дегенге толық негізім бар», – деді Путин.

Қоштасар сәтте Путин келесі кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды, оған Трамп бұл мүмкін екенін айтты. Баспасөз мәслихаты журналистердің сұрақтарынсыз аяқталды.