Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі олимпиада жүлдегерінің кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанындағы комиссия Ақжүрек Таңатаровты Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындауға келісім берді.
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері әрі Жамбыл облысы әкімдігінің №7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры саланы дамыту бағдарламасын таныстырды. Комиссия мүшелері оның басқарушылық тәжірибесін және өңірде спортты өркендетуге деген көзқарасын жоғары бағалады.
Ақжүрек Достықұлы Таңатаров – еркін күрес шебері, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол 1986 жылдың 3 қыркүйегінде Тараз қаласында дүниеге келген.
Төрт дүркін Қазақстан чемпионы, 2011 жылғы ҚР Кубогының иегері.
2013 жылы Германия Гран-при жарысының жеңімпазы.
Спорттағы жетістіктері үшін мемлекеттік наградамен марапатталған, сондай-ақ күрес федерациясынан Тараз қаласынан пәтер және облыс билігінен Mitsubishi Pajero автокөлігін алған.