Бүгін, 18 тамызда Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында қалаға «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді.
Фестивальдің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады.
Бүгін асқаралы Алатаудың баурайында түбі бір түркі жұртының білімпаз, дарынды әрі белсенді жастары бас қосып отыр. Іргелі іс-шара аясында жаңа достар тауып, тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырасыздар деп сенемін. Өрендеріміздің бірлігі бекем болса, түркі әлемінің тұғыры мығым, болашағы жарқын болары сөзсіз.
Қазақстан бауырлас халықтардың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз елдеріміздің арасындағы жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән береміз. Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы және Алматының Түркі жастарының астанасы атануы – соның айқын дәлелі», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз сөзінде министр Аида Балаева Алматының мәдениет пен ғылымның, білім мен инновацияның тоғысқан орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала бүгінде түркі әлемінің жас көшбасшылары мен шығармашыл өкілдері үшін жаңа идеялар мен серіктестіктің ордасына айналуда.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев: “Бүгін біз Түркі әлемінің жастар астанасы атағын Ленкорань қаласынан қарқынды дамып келе жатқан Алматы қаласына табыстау сәтінің куәсі болып отырмыз. Бұл қадам – ортақ құндылықтарымыздың сабақтастығын, сондай-ақ болашақ Түркі әлемін қалыптастырудағы жастардың өсіп келе жатқан рөлін айқын көрсетеді.
Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласына бұл мәртебе Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жастар және спорт министрлерінің 8-ші отырысының шешімі негізінде берілген болатын. Қаланың заманауи мәдени өмірі, белсенді білім беру мекемелері және ынталы жастары – Түркі әлемінің жаңа буынының рухы мен әлеуетінің айқын көрінісі” - деп атап өтті.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала жастарының лебізімен бөлісіп: “Алматы – түркі елдерінің жастары бас қосатын, ортақ мұраттар тоғысатын, мәдениетіміз бен дәстүріміз жаңғыратын үлкен ортаға айналуда.
Бұл мәртебе – тек атақ емес, болашаққа деген уәде. Түркі жастарының дауысы осы Алматыдан естіліп, идеялары бастау алып, достығы осы шаһарда бекісін!
Алматы – біздің ортақ үйіміз, түркі жастарының шамшырағы, болашақтың орталығы!” - деді.
Салтанатты іс-шара аясында бауырластықтың, сенім мен жаңа мүмкіндіктердің нышанына айналған жастар астанасы кілтін 2024 жылғы жастар астанасы - Ленкорань қаласы, Әзербайжан елінің өкілдері Алматы жастарына табыстап, бауырластық эстафетасын жалғады.
Айта кетейік, халықаралық фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.
Абай алаңында ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Алматы тұрғындары мен қонақтарына эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен кең көлемді концерт ұсынылды.
Фестиваль 19 тамызда да жалғасады. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтеді.