Үржар ауданында болған жол апатынан зардап шеккен балалар стационарда ем қабылдап жатыр. Оларға облыстық және республикалық деңгейдегі мамандар тартылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Стационарда үш бала қалды. Оның біреуінің жағдайы дәрігерлер тарапынан өте ауыр деп бағаланса, екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп сипатталды. Барлығына бас-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалар зақымдары диагнозы қойылған. Бір науқасқа күрделі нейрохирургиялық операция жасалуда. Ал екінші балада ішкі қан кету тоқтатылды.
Аймаққа облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құралған мультидисциплинарлық топ келді. Олар кешенді тексерулер жүргізіп, ота жасау жоспарын әзірледі.
Министрліктің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үржар ауданына С-295 әскери-көлік ұшағымен медициналық бригада жіберілген. Оның құрамында Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі Сапарбек Сейтбеков, травматолог және реаниматолог бар. Пациенттердің жағдайы тұрақтандырылған соң, оларды Астанаға көшіру мәселесі қаралады.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын Үржар ауданы Бестерек ауылында Toyota көлігінің жүргізушісі балалар тобына соқтығысқан. Үш жасөспірім қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген еді.