Logo
Іздеу
Айдарлар

Жаһандық бастамалар – жақсы істердің жаршысы

/
Жаһандық бастамалар – жақсы істердің жаршысы
фото: pixabay.com

Әлемде даму үстінде. Жұмыр жер ортақ болған соң, алға ұмтылған мемлекеттердің барлығы адамзатқа ортақ мәселелерді бірігіп шешуді басты назарында ұстап келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлемде даму үстінде. Жұмыр жер ортақ болған соң, алға ұмтылған мемлекеттердің барлығы адамзатқа ортақ мәселелерді бірігіп шешуді басты назарында ұстап келеді. Соның ішінде Жер-ананы мекендеген әрбір адамды алаңдататын түйткілдер бір. Олар сапалы ауыз сумен қамту, климаттық өзгерістердің залалын азайту, қауіпсіздік, төтенше жағдайлар, бейбітшілікті сақтау секілді  маңызды тақырыптарға негізделген. Жаһандық бастамалар әлем халқын толғандырған тың мәселелерді бірігіп шешудің тиімді жолын ұсынуымен құнды саналады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кез келген кемшілікті көп болып күрескенде ғана жою оңай. Сондықтан, әлемге залалын тигізген түйткілдерді мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері бірлесе  отырып, өзара іс-қимылды үйлестіру арқылы жолға қойғаны маңызды.

Соңғы жылдары парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, климаттың өзгеруіне бейімделуге және биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бастамалар әлем халқы арасында жоғары сұранысқа ие болды. Бұған қоса, терроризммен, экстремизммен, киберқауіпсіздікпен жалпыхалықтық күрес жүргізу, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау өзектілігін көрсетіп отыр.

Азаматтарды кедейлікпен, аштықпен күрес те бейжай қалдырмайды. Сондай-ақ кейінгі кезде кең етек алған жиі кездесетін ауруларды мейлінше азайту, білім беру мен денсаулық сақтау саласында сапалы қызметке қол жеткізу, экономикалық өсім мен тұрақты дамуды ретке келтіру де әлемнің назарында тұрған басты мәселенің бірі.  Міне, сәйкесінше бүгінгі жаһандық бастамалардың да өзегі әлемнің ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Жаһандық бастамалардың туындауына, қолға алынуына, нәтижеге жетуіне талдау жүргізгенде бір байқалары әлемдік мәселелерді шешуге қатысты тыңғылықты жобалар мен тамаша бастамалардың көпшілігі еуропа мемлекеттері тарапынан айтылады. Десек те, тарихқа көз жібергенде тәуелсіз ел атанғанына 34 жыл болған Қазақстанның озық елдердің үздік үрдістерінен қалмай, жаһандық бастамалардың жаршысы болғанын мақтанышпен атауға болады.

Ең алдымен еске түсетіні Астана қаласының талай уақыттан бері әлем елдерінің діни диалогының бесігіне айналып келе жатқаны. Шыны керек, асыл дінді қару етіп, түрлі жат ағымдардың рөлін күшейтіп, әлемнің тыныштығы мен татулығына сына қағып жүрген мақсатты топтардың бар екені ешкімге жасырын емес. Мұндай зымиян топтардың зиянды әрекетінен ешбір мемлекет сақтандырылмаған. Сондықтан, Астананың әлем халқы мойындаған дәстүрлі дін өкілдерінің басын қосып, өзекті мәселелерді талқылауды дәстүрге айналдыруы оң үрдіс.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстан астанасында ең алғаш 2003 жылы өткен болатын. Бұл маңызды басқосуда әлем мойындаған жетекші дін басшылары зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмаудың жолдарын талқыға салды.

Дінаралық келіссөз қоғамдық даму мен барлық халықтың әл-әуқатын жақсартудың негізгі тетігі екеніне назар аударылды. Форумға қатысушылар бүкіл әлем халқының бейбіт және жайлы өмір сүруі үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтасуы қажеттігін алға шығарды. Басқосу соңында арнайы Декларация қабылданып, онда рухани лидерлер адамзат үшін бейбітшілік пен алға жылжуды қамтамасыз етуге бағдар болар  іс-әрекеттерді айқындап, әр үш жыл сайын Астанада дінаралық форум өткізу туралы шешімді құптады.

ІІ съезд 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте ұйымдастырылып, онда әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар Астанада арнайы салынған «Бейбітшілік және келісім сарайында» бас қосты. «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбын талқыға салып, діни сенім еркіндігіне қалай қол жеткізуге болады, дін өкілдеріне құрметті қалыптастырудың жолы қайсы, дін лидерлерінің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ролі секілді әлем үшін өзекті мәселелерді таразы басына салды. Бұл съездің Декларациясы барлық дін және этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға үндеуімен құнды болды.

2009 жылы өткен ІІІ съездің де Қазақстан ғана емес, әлем жұртшылығы үшін шоқтығы биік. Форумға әлемдік діни конфессиялардың 60-тан астам делегациялары қатысты. Съездің талқылайтын тақырыбы мен әлем халқын қызықтыратын маңызды тақырыптарды талқылауы Қазақстанға ғана емес, онда тұрақты өтіп жүрген форумға деген қызығушылықты еселеді. Осылайша үшінші съезге келген делегация құрамы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдерімен толықты.

2012 жылы ұйымдастырылған IV съезд «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы» деген ортақ тақырыпты өзек етті. Бұл жиынға 40 мемлекеттен 85 делегация қатысқан болатын. Төртінші съездің ерекшелігі қатысушылардың Үндеу жариялап, мәдени және экономикалық өзара іс-қимылды жолға қоюда ынтымақтастықты қамтамасыз етуге елді шақыруында еді. Осы қадамдары арқылы діни көшбасшылары бүкіл адамзатты әлемнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өзара іс-қимыл, бейбітшілік пен келісім, әділеттілік пен жасампаздыққа біріктіруді мақсат тұтты.

V съезд 2015 жылдың 10-11 маусымында  әлемнің 42 мемлекетінен келген 80-нен астам делегацияның басын біріктірді. Осы жиынға БҰҰ-ның сол кездегі Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі, Финляндия Президенті секілді көптеген беделді тұлғалар қатысты. Форумда әлемнің әр түкпірінде орын алып жтқан этникалық және діни қақтығыстар, әлемдегі геосаяси қысымның жоғарылауының себептері таразыға салынды.

«Бейбітшілік пен даму үшін диалог» деген тақырыпты басшылыққа алған бұл съезде қатысышылар тарапынан бірлескен декларация қабылданып, онда ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндері мен қауіптеріне бірлесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жасалды. Мұндай ашық диалогқа құрылған съездер әлемдегі діни көшбасшылардың ынтымақсата жұмыс істеп, мәселелерді бірігіп, тиімді шешуіне ықпал етті.

Әр съезде қабылданған декларациялар мен діни көшбасшылардың пікірі мен ұсыныстары негізінде бірнеше жинақ дайындалғаны да белгілі. Бұл жинақтар бүгінгі күнге дейін дінге байланысты түйткілдерді түсінуге, дінтанушылардың жұмысын жеңілдетуге әдістемелік құрал ретінде пайдаланылуда. Әлем халқының алтын көпіріне айналған бұл съездердің пайдасы орасан болды.