Қазбат бітімгершілік батальонының құрылуы осы бейбітшілікті сақтау, бітімгершілікті дамытуға қатысты іс-шаралардың лайықты жалғасы, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дүниежүзіндегі бейбітшілікті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау – әрбір мемлекеттің басты парызы. Қазақстанды да әлем халқы татулық пен тыныштықтың мекені, өзге жұрттардың құқығы мен мүддесін басты орынға қоятын, бітімгершілікті құптайтынын сөзімен емес, ісімен дәлелдеген зайырлы ел деп біледі. Жас мемлекеттің бірі болғанымен Қазақстан ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан, әрі қауіпсіздік саласындағы қадау-қадау бастамалардың негізгі драйверіне айналған мықты ел ретінде де танылып үлгерді. Біздің еліміз Орталық Азиядағы қарулы қақтығыстарды шешу бойынша жауапкершілікті мойнына алған бірінші мемлекет екенін де мақтанышпен атауға болады. Бұл біздің өз еліміздегі ғана емес, айналамыздағы қауіпсіздік пен тыныштыққа да айрықша көңіл бөлетінімізді аңғартса керек.
Қазбат бітімгершілік батальонының құрылуы осы бейбітшілікті сақтау, бітімгершілікті дамытуға қатысты іс-шаралардың лайықты жалғасы. Біріккен Ұлттар ұйымының халықаралық арнайы миссияларына қатысуды міндетіне айналдырған Қазбат батальоны елімізде 2002 жылы құрылып, жұмысын бастағаны белгілі. Осы батальонның тәжірибеге енгізілуі «Бітімгершілік қызметі туралы» бірегей заңның дайындалуына түрткі болды. Өйткені, әлемдегі қақтығыстарға ерікті түрде қатысып, жаһандық мәселелерді шешуді көздейтін Қазбаттың қызметі арнайы заңмен реттелгені өзекті. Халықаралық қақтығыстардың бел ортасында жүретін жауынгерлер қызметін арнайы заңмен бекіту Қазақстан шекарасынан тыс жерде жүрген отандық жауынгерлердің қауіпсіздігі мен заңды қадамдарын қорғауға жол ашады.
Еліміздің бітімгершілік жауынгерлері бүгінге дейін көптеген халықаралық мәселелердің орынды шешілуіне септігін тигізді. Айталық Қазбат Ирактағы минаны тазарту ісінде белсенділік танытты. Бұдан кейін еліміздің бітімгершілік жауынгерлері Шығыс Африканың бірқатар елдерінде әскери бақылаушы болып қызмет жасап, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясының бел ортасында жүрді.
Жалпы БҰҰ-ның негізгі миссиясы – бітімгершілік. Мұндай беделді ұйымның бұл миссиясы әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлесін қосуда. Осындай айтулы ұйымның құрамында қазақстандық сарбаздардың еңбек етуі зор мақтаныш. Жалпы, бітімгершілік миссияларда 90 мыңнан астам сарбаздың татулық пен тұрақтылықтың сақталуына күш салып жүруі көңілге үміт ұялатады.
Қарап отырсақ халықаралық ұйым құрамындағы бітімгершілік күштері бүгінгі күнге дейін әлемнің 13 нүктесінде кең көлемде жұмысын жүргізуде. Оның басым бөлігі, яғни жетеуі Африкада жұмыс істесе, үшеуі Таяу Шығыста, бір тобы Косовода, тағы бірі Пәкістан мен Үндістанда, сондай-ақ Кипрде қызмет етеді.
Тарихтан тамыр тартатын болсақ, біздің еліміздің бітімгершілік жолындағы қадамдары тәуелсіздік алмай тұрып-ақ қолға алынғанын байқауға болады. Мәселен 1990 жылдары тәуелсіздіктің елең-алаңында біздің сарбаздар
тәжік-ауған шекарасын күзетіп, достық пен қамқорлықтың шынайы үлгісін дәріптеген еді.
«Қазбат» жасағының ресми тіркеліп, мойындалғаннан кейінгі алғашқы сапары Иракқа бағытталғаны белгілі. Бұл елдің бітімгершілік миссиясына 250-ден астам сарбаз қатысып, жанкештілігін кқрсетті. Осы қатарда қызмет еткендерге Ирактағы миналы алаңдарды зарарсыздандыру, жарылыстың орын алуына жол ашатын мүмкіндіктерді жоюға бағытталды. Бұдан кейін БҰҰ-ның Кот-д’Ивуар және Батыс Сахарадағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларында да біздің сарбаздар әскери бақылаушылар ретінде қатысқан болатын. Бұл жерде біздің алты бітімгер әлі күнге дейін адал қызмет жасауда. Олардың ішінде екі әскери әйелдің болуы әлем елдерінің гендерлік теңдік стратегиясын қаншалықты сапалы орындауына тәуелді.
2018 жылдан бастап Қазбат бірінші бітімгершілік ротасына қатысып, «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясы бойынша жұмыс істеуге дағдыланды. Осындай іргелі істердің басы-қасында жүргендіктен, еліміз 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшеcі болып сайланды. Бітімгершілікті дамыту бағытында қолға алынған жоғары ұстаным Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланғанын да айрықша атап өтуге тұрарлық.
Қазақстандық Қазбаттың халықаралық алаңдардағы бейбіт қызметі, отандық сарбаздардың тамаша жауынгерлік даярлығы мен кез келген міндетті шешуде төзімділік пен әзірлік танытуы бітімгерлердің сапалы дайындықтан өткенін көрсетеді. Бұл жауапты міндетті алғашқы кезеңнен бері еліміздің Қорғаныс министрлігі атқарып келеді. Министрлік жанынан құралған бітімгершілікке даярлық орталықтары, минадан тазарту орталығы және әскери медицина орталығы да жемісті еңбек етіп келеді.
Әрине, Қазбат сияқты елдің беделін көтеретін, Қазақстанды жаңа қырынан әлемге танытатын бітімгершілік сарбаздарын дайындауға нұсқаушылар жіті көңіл бөледі. Халықаралық аренадағы Қазақстанның бет-бейнесін танытатын Қазбатқа кез келген сарбаздың алынбасы белгілі. Бүгінде бұл элиталық топқа қосылатындарға берілетін сын мен сынақ жыл санап қатаңдатылуда.
Мұндай сынақтардың бәрін бірдей сапалы өткізу міндетті емес. Соны ескере отырып тәлімгерлер сарбаздар мен сардарлардың психологиялық тестілеуден өтуіне, медициналық тексеруден өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкес ағылшын тілінен сынға түседі. Сондай-ақ Қазақстан Құрлық әскерлерінің бітімгершілік бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасы бойынша, теориялық және практикалық дайындықтан емтихан тапсырады.
Бұл жолғы ерекшелік, бітімгершілік миссиясының тарихында алғаш рет қақтығыс нүктелеріне десанттық-шабуылдаушы әскерлер ғана емес, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардың әскери қызметшілері де бара алады. Осындай кешенді шаралардың арқасында Қазақстанның бітімгершілік бағытындағы жұмысы оң нәтиже көрсетуде. Мұның соңында Қазақстан ТМД-да ЕҚЫҰ-ны басқарған алғашқы ел ретінде тарихта қалып отыр.