Logo
Іздеу
Айдарлар

Кибералаяқтық асқынып барады

/
Кибералаяқтық асқынып барады
фото: pixabay.com

Алаяқтардың арбауына түсіп, адал табысынан ажырап қалып жатқандар саны күн өткен сайын көбеюде, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алаяқтардың арбауына түсіп, адал табысынан ажырап қалып жатқандар саны күн өткен сайын көбеюде. Күні кеше белгілі ғалым, талай журналисті тәрбиелеп, саланың майталманына айналдырған бірегей ұстаз Кәкен Хамзиннің алаяқтардың айтқанына сеніп үйін сатқаны, алған ақшаны белгісіз жанның қолына ұстатып жібергені белгілі болды.

Көзі ашық, көкірегі ояу, заңдық сауаты бар, тәжірибелі ұстаздың зейнет жасына жеткенде жалғыз баспанасынан ажырауы кімді болсын алаңдатқаны рас. Осы жағдайдың өзі алаяқтарға адами құндылық, аяу сезімінің жат екенін аңғартады. Қазіргі кезде Кәкен Хамзиннің шәкірттері алаяқтардың тезірек табылып, қылмысына сай жаза алуы үшін құзырлы органдарға ақапарттық қолдау көрсетуде. Сонымен бірге журналистика саласындағы бірегей ғалым далада қалмас үшін оқиғаға бейжай қарамайтындардың басын қосып, қаржылай көмек жинауда. Бұр әрине игі іс, құптарлық қадам. Осындай ұстаз еңбек бағалайтын, керек кезде қолдау көрсете алатын шәкірттер шоғырын тәрбиелеген Кәкен ағамыз бақытты. Ал ізінен ерген шәкірті тұрмақ, қорған болар туысы мен жақыны жоқ шараыз адамдар алданған жағдайда кімнен көмек сұрайды, кімнен қолдау күтеді? Өкінішке орай, алаяқтарға алданып, тақыр жерде қалған азаматтар арамызда аз емес.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған дерекке сәйкес, соңғы 5 жылда тек Түркістан облысында 2,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы орын алған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге көп. Қазақылық мықты орныққан, адамдары бірін-бірі жақсы біледі деген Түркістан өңіріндегі жағдай осындай. Ал іргелес көршісін танымаймын Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы жағдай тіпті сорақы.

Түркістан облысында тіркелген жалпы қылмыстың үштен бірі алаяқтық болса, оның 40% пайыздан астамын интернеттегі алаяқтық құрайды. Осы қылмысты жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалардың 70 пайызы отыз жасқа дейінгі жастар екені де көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай күш-қайраты тасыған, еңбекке деген қабілеті жоғарылаған кезде жастардың тау қопарып, тас жарудың орнына, қылмыс істеп, өз өміріне балта шабуы жақсылықтың нышаны емес. Бұл халықтың ең белсенді және еңбекке қабілетті бөлігі. Жастардың теріс жолға түсуінен қоғам да аз зардап шекпейді. Әсіресе, қазіргі жастардың тез баюға ұмтылуы, жанын қинамай табыс табуды тәуір көретіні қынжылтады. Кибералаяқтық осындай жастарды еліктіретін қылмыстың біріне айналып бара жатыр.

Кибер алаяқтықпен күресу бойынша елімізде кешенді жұмыстар қолға алынуда. Оның бірінші бөлігі халықтың алаяқтыққа, кибер алаяқтарға қатысты түсінігін қалыптастырып, құқықтық сауатын көтерумен байланысты. Осыған орай қылмыспен күреске жауапты құзырлы органдардың барлығы өз сайттарында алаяқтың алдын алуға қатысты танымдық ақпараттарымен бөлісіп, бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірге кең көлемді түіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Екіншіден, полиция, прокуратура тарапынан алаяқтық бойынша қозғалған, сот үкімі шыққан істерді жария талқылап, алаяқтардың схемасын ашу, жәбірленушілерді сөзге тарту тұрақты қолға алынып келеді. Дәл осы әдістің азаматтарға айтарлықтай әсер ететіні байқалады. Өйткені, жақындары, таныстары алаяқтардан алданып, тақырға отырмайынша кез келген азамат өзі келеңсіз жағдайға түспейтіндей сенімді жүреді. Ал нақты оқиғаның баяндалуы, жәбірленушілердің сөзі, жазасын алған алаяқтардың бет-бейнесін көрсету қауіптің қаншалықты жоғары, өзіне жақын екенін ұқтырады.

 Сонымен бірге, бүгінде полиция, прокуратура органдарының біріге қызмет етуімен алаяқтықтан қорғанудың көптеген жобалары жүзеге асырылуда. Айталық Қазақтанның Ұлттық Банкінің 2024 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен тиісті ереже бекітіліп, «Антифрод-орталық» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл орталыққа жүктелген міндет ауқымды. Осы орталыққа жинақталған ақпараттар мен қауіпсіздік шараларының арқасында банк жүйесіндегі алаяқтық пен күмәнді банктік операцияларын тоқтатуға мүмкіндік туып отыр.  Алғашқы жылдың өзінде «Антифрод-орталығы» арқылы түскен көптеген күмәнді хабарламалар тексеріліп, миллондаған қаржының айналымы бұғатталды.

Осылайша құзырлы органдар мен банк жүйесі мамандарының бірлесе жасаған жұмысының нәтижесінде қаржы ұйымдарына қатысты алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік туып отыр.

Еліміздің прокуратурасы интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықты алаяқтар жиі пайдаланатын нөмірлер туралы кең көлемді ақпараттандыру мақсатында көптеген жобаларды тәжірибеге енгізуде. Соның бірі - «Telegram» мессенджеріндегі «АЛАЯҚТАН САҚ БОЛ!» телеграм-бот жобасы. Бұл жобаны әзірлеуде қадағалаушы орган үлкен ізденістер жасады. Қарапайым халық арасында сауалнама жүргізіп, күмәнді хабарлама таратқан телефон нөмірлерін жинастырды. Сондай-ақ істі болған, алаяқтықпен сотталғандардың байланыс нөмірлері тексеріліп, базаға қосылды. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде телеграм-боттағы жобаға республика аумағында жасалған интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша қолданылған байланыс нөмірлері толықтай жинақталып енгізілді. Соның арқасында келіміздің кез келген тұрғыны күмән келтірген абоненттік нөмірлерді телеграм-ботқа енгізу арқылы өзіне қажетті ақпарат ала алады. Бұған қоса, азаматтар өзі күдік келтірген нөмірлерді жазып алып, құзырлы органдарға беру арқылы өзге отандастарымызды алаяқтықтан қорғауға қатыса алатынын айта кеткеніміз жөн.

2024 жылдың шілде айынан қолданысқа енгізілген «Бұзушылыққа тоқтам» атты телеграмм-боттағы пилоттық жоба да  құқық бұзушылықты жылдам анықтап, хабарлауға мүмкіндік беруімен құнды. Бұл жобаның қосымшасы облыс, аудандарда да ашылған. Әрі жоба сапалы жұмыс істеп, оң нәтиже беруі үшін оның қалай жұмыс істейтіні туралы ақпараттық хабарламаны прокуратура қоғамдық орындарда, білім беру ұйымдарында, көлік жолдарында және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде баннер, бильборд, парақшаларда толық таратуда.

Кибер алаяқтықпен күрес, қылмыстың алдын алу – құзырлы органдардың міндеті. Бірақ, алаяқтықтың етек жаюына азаматтардың өздері де кінәлі. Жеке деректеріне салғырт қарайтын, бейтаныс адамдардың сұрағанын тексермей бере салатын, күмәнді сілтемелерге өтіп, сауалнамада өз деректерін жайып салатын жандар алаяқтардың қақпанына оңай түседі. Тез баюға, еселеп табыс табуға, тегін сыйлық беруге шақыратын қоңырауларға сенуге болмайды. Өкінішке орай, қаншама рет айтылып, ескертіліп жатса да азаматтар жеңіл табыс тауып, мол пайдаға кенелемін деген оймен барынан ажырап қалып жатыр. Осындайда «Тегін ірімшік тек қақпанда» деген тәмсілде есімізден бір сәт шығармасақ дейміз.