Қазақтандағы заңдарды ізгілендіру, сотталғандардың түзелуіне, жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру – орынды қадам, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақтандағы заңдарды ізгілендіру, сотталғандардың түзелуіне, жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру – орынды қадам. Өйткені, әрбір адамның өз қателігінен сабақ алып, қоғамнан өз орнын табуына құқығы бар. Осы мақсатта елімізде пробация қызметі құрылып, жұмысын жолға қойған еді.
Бұл институт 2016 жылдан бері тәжірибеге енгізілген. Он жылдың ішінде өзінің қоғамға керек екенін дәлелдеген бұл құрылым «Пробация туралы» заңға сүйене отырып жұмысын жүргізеді. Мұндай бастаманың қолға алынуына көптеген мәселелер әсерін тигізген болатын. Соның ішінде Қазақстандағы «түрме тұрғындарының» көптігі, қылмыс жасағандарға қолданылатын жазаның қатаңдығы, бұған қоса, түзеу мекемелеріндегі сотталушылардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндіктің берілмеуі қоғам тарапынан жиі сыналатын. Шын мәнінде қылмыс жасағандардың барлығын бостандығынан айыру мемлекеттің бюджетіне де айтарлықтай салмақ түсіреді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты статистикалық деректерді көрсетейік.
Еліміздегі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің дерегінше бір сотталған азаматты ұстау үшін ел бюджетінен тәулігіне 7500 теңге жұмсалады. Сонда айына бір сотталушыға 225 мың теңге бөлінеді. Бүгінде Қазақстанның пенитенциарлық мекемелерінде 30 мыңнан астам сотталушының жазасын өтеп жатқанын ескерсек, жылына қанша қазына қаржысының жұмсалатынын пайымдай беруге болады. Бұл қаржы сотталушылардың тамақтануына, киім-кешек, денсаулығын түзеуге жұмсалады. Сонымен бірге, осы қаржыдан түзеу мекемелерінің коммуналдық қызметтеріне, қызметкерлердің жалақысы және пенитенциарлық жүйенің жұмысына байланысты басқа шығындарға қаржы бөлінеді.
Яғни, сотталушыларды күтіп-бағуға аз қаржы кетпейді. Сондықтан, қоғамға залалы жоқ, материалдық шығынды өз еркімен өтеген, жәбірленушінің кешірімін алған, қылмысын мойындаған айыптылардың бәрін бостандығынан айырып, түрмеге жабудың пайдасынан гөрі, зияны басым. Пробация институты осы мәселелерді заңды түрде реттеу мақсатында қолданысқа енгізілген бірегей бастама.
Пробация бас бостандығынан шектелген, үй қамақ шарасы белгіленген, сондай-ақ жазасы жеңіл жазаға ауыстырылып, бостандыққа шыққан азаматтарға қолданылады. Мұндай азаматтар соттылықты толық өтемейінше пробациялық қызметтің бақылауында болады. Пробациялық бақылау белгілеудің негізгі мақсаты сотталушының мінез-құлқын түзеуге, өмірге көзқарасын өзгертіп әлеуметке қосуға бағытталған. Соған орай пробация қызметкерлері үнемі сотталушылардың үйіне барып, өзімен ғана емес, олардың жақындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қателік жасаған азаматтың қоғамға бейімделуіне жақындарының, туыстарының ықпалы зор. Сондықтан, пробация қызметкерлері сотталушының жанашырларымен бірлесе отырып тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу шараларын қолданады.
Бұған қоса, пробация мамандары психологтардың көмегіне де жиі жүгінеді. Себебі сотталушылар психологтардың қабылдауына өз еркімен бармайды. Ал білікті мамандардың ақыл-кеңесінен кейін көпшілігінің ортаға көзқарасы өзгеріп, түзелуге ұмтылатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Пробация қызметкерлерінің ұсынысымен әкімдік, мемлекеттік орган, жеке кәсіпкерлер тарапынан бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де жиі ұйымдастырылып келеді. Мұндай жәрмеңкелер сотталушылардың тұрақты жұмыс табуына, өзінің берешегінен дер кезінде құтылып, қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Сонымен қатар, сотталушылардың белгілі бір кәсіпті меңгеріп, мамандануы бойынша да пробацияда аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Арнайы кәсіптік колледждермен екіжақты келісімге келген пробация қызметкерлері сотталушылардың қалауын, қабілет-қарымын ескере отырып маман меңгеруіне көмектеуде. Соның арқасында өзі армандаған кәсіпті меңгеріп, табыс тауып отырған азаматтар аз емес.
Осы тұста нақты статистикаға назар аударған артықтық етпейді. Еліміздің Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 12 мыңнан астам сотталған тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, бүгінде еңбекке жарамды деп танылған 23 655 сотталушының 12 178-і әр салада тұрақты табыс тауып отыр. Бұл жалпы сотталушының 51,5 пайызына пара-пар. Ағымдағы жағдайға талдау жүргізген Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері биылдан бастап 200-ден астам сотталушыны қосымша оқытуды және жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді жоспарына енгізген.
Әрине, осындай жауапты жұмыс жүктелген пробация саласында қиындықтар да аз емес. Себебі, пробация қызметкерлерінің бақылауындағы азаматтардың бәрі бірдей тәртіпке, заңға бағына бермейді. Күнделікті жүргізілетін түсіндіру шараларына да шекедей қарайтындар жеткілікті. Тіпті, пробациялық шақыртуға уақытылы бармай, құқықтық шектеудің енгізілгеніне қарамастан түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарға барып, тыйым салынған әрекеттерді жасайтындар да бар. Бостандықтың қадірін білмейтін, өзіне берілген мүмкіндікті теріс пайдаланатын сотталушылардың барар жері – түрме. Өйткені, бірнеше рет ортақ талапқа бағынбаған сотталушыларға ескерту жасаған пробация қызметкерлері, соғында арнайы хаттама толытырып, соның негізінде сотқа жазаны өзгерту туралы ұсыныс бере алады. Осылайша бостандығы шектелген сотталушы әрі қарайғы жазасын түзеу мекемелерінде өтейтін болады.
Мысалы Түркістан облысында 2024 жылы 1506 адам сотты болса, соның ішінде 629 адамға бас бостандығынан айыру, 591-іне бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылған. Сот 52 адамды шартты түрде соттаса, 362-сіне айыппұл салып, 171 тұлғаны қоғамдық жұмысқа тартқан. Ал осы бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылған, шартты түрде сотталған азаматтардың өкінішке орай 168-і қайта қылмыс немесе бірнеше қайтара әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Қателіктен сабақ алмаудың бұдан артық қандай мысалын көрсетуге болады? Соның алдарынан 150 адамның жазасы бас бостандығынан шектеуден қайта бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Сондай-ақ 2024 жылы Түркістан облысында пробациялық есепте тұрған 96 сотталушы қайта қылмыс жасаған. Бұл пробациялық қызметтің әлі де жұмысын жандандырып, бақылауға қойылған азаматтардың кәсіп меңгеруіне, жұмысқа тұрып, қоғамға бейімделуіне жіті көңіл бөлу қажеттігін ұқтырады.