2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қарағандыда Lexus көлігін тізгіндеген екі кәсіпорынның басшысы, кәсіпкер Сергей Камаев шамамен 150 км/сағ жылдамдықпен бес автокөлікті соғып, ағашқа соғылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жол апаты күндіз, Аманжолов көшесіндегі адам көп жүретін жерде, екі балабақшаға жақын маңда болған. Апат салдарынан Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерін таситын жүргізуші Ерлан Алданғаров қаза тапты. Тағы үш адам орташа жарақат алған.
Сот отырысында айыпталушы өзін бейнекамераға түсіруге тыйым салды, деп жазды Orda.kz сайты.
Тергеу барысында Сергей Камаев кардиогендік естен тануға ұшырап, есінен танып қалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл – Ауғанстандағы соғыс кезінде алған ауыр жарақаттарының салдары.
«Барлығы аяқ астынан, күтпеген жерден болды, мұны болдырмау мүмкін емес еді. Естен танудың ешқандай белгісі болған жоқ. Өзімді ауру сезінбедім. Ешкімге қасақана зиян келтіру ойымда болған жоқ», – деді айыпталушы соңғы сөзінде.
Ол кінәсін мойындап, толықтай өкінетінін айтып, кешірім сұрады және жазаны жеңілдетуді өтінді.
Прокурор екі жарым жыл сұрады – бұл адам өліміне әкеп соққан жол ережесін абайсызда бұзғаны үшін қарастырылған ең жоғарғы жазаның жартысы. Сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, Камаевты көлік жүргізу құқығынан бес жылға айырды.
Кәсіпкер тергеу изоляторында (СИЗО) шамамен бір жыл отырғандықтан (бір күн екі күнге есептеледі), түрмеде ол іс жүзінде жарты жыл шамасында ғана болады.
Апат кезінде көліктері зақымданған жүргізушілер қандай да бір себеппен жәбірленуші деп танылмаған. Сот оларды куәгер ретінде ғана шақырған. Бұл – үкімді қайта қарауға негіз болады деп есептейді адвокат Мейрамғали Мұрзалиев.
Қаза болған жүргізушінің отбасы 80 млн теңге моральдық өтемақы талап еткен еді. Сот тек 10 млн теңгені ғана бекітті.