Соңғы кезде Qazbilim Group компаниясының басқарма төрағасы, танымал ұстаз, білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының ұлттық лицейлеріне қатысты дау-дамай тұтанды. Бір топ мұғалім бірнеше айдың жалақысы төленбеді деп шағым түсіріпті. Бұған қатысты маман өз жазбасында «жалақының салдар екенін, 2023 жылдан бастап билігі бар кісіден жүйелі қудалау көріп жатқанын, егер Қаржы орталығы бермей отырған қаражатты берсе, жүзім жарқын болар еді» деп жазды. Бес баланың әкесі, химия пәні бойынша педагог-шебер, ҚР-сы Білім беру ісінің құрметті қызметкері басынан өтіп жатқан жағдай туралы Arasha сайтына берген эксклюзив сұхбатында ашық айтты.
– Аятжан мырза, жалпы қудалау неден басталды? Сіз Оқу-ағарту министрлігінің жұмысын да сынаушы едіңіз ғой, мәселе сонда ма?
– Бұл дау-дамай мені де өкіндіреді. Себебі Педагог мәртебесі үшін көп күрескен адам ретінде педагогтарды қадірлемейтін адам сияқты көрініп жатқан шығармын. Бұған қатты өкінемін. 2023 жылдың наурыз айынан бері жүйелі қудалау көріп келемін. Ол кезде де министрлік Qazbilim ұлттық лицейлеріне лицензия бермеу және бала жібермеу жағынан кедергілер жасап, төрт ай дегенде күресіп жүріп, әрең лицензия алғанмын. Содан бері тексерістен тексеріс, қудалаудан қудалау боп жатыр.
Даудың неден басталғанын өзім де түсінбеймін. Өйткені Ғани Бейсенбаевпен вице-министрлікке барғанға дейін сәлеміміз түзу болатын, министр болғаннан кейін бір-ақ рет жолықтым. Одан кейін кездесеміз деп неше рет келіскенімен кездесуден бас тартты. Әрине бұл жерде министрдің жеке бас өшпенділігі ме білмеймін. Жалпы, бәрі ол министр болғаннан кейін оның кейбір қабылдаған шешімдерін сынаудан басталды ғой деп ойлаймын. Содан кейін қудалау болды. Кейбір адамдардың көзқарасы бір-бірімен сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ мен ешқашан адамның жеке басын сынамаймын. Қашанда Жұмағұловтан бастап барша министрлердің бүкіл шешімдерінің теріс не оң жақтарын айтып, көзқарасымды маман ретінде ашық айтып жүрдім. Сондықтан адамның жеке басын сынамайтын азамат ретінде 2023 жылдан басталған жағдайды түсінбей келе жатырмын.

– Қаржы орталығы ақшаны кешеуілдетіп жатқанын немен түсіндіруде? Басқа мектептерде де тура осындай жағдай ма, әлде оларға дер кезінде қаржы бөлінген бе?
– Қаржы орталығы 2023 жылдың қараша айынан бастап кешіктіруді бастады, оған дейін әр айдың қаржысы уақытымен түсетін. Уақытымен түскенде, бізде ешқандай қиындық болмайтын. Бизнесте жоспар деген дүние бар. Біз мектепті ашқан кезде «мына уақытта Қаржы орталығынан қаржы түседі, мына кезде төлемдер түседі» дегендей бизнес жоспар жасағанбыз. Ал Қаржы орталығының кешіктіруінен бізде мұғалімге айлық төлеуде де қиындықтар басталды. Қаржылық жүйенің быт-шыты шықты.
2023 жылдың желтоқсан айының 10 пайыз қаржысын берген жоқ. Ал одан кейін де бұл жүйенің кешігуі 2024 жылдың қараша айында тіптен асқынды. Қараша айынікі желтоқсан айында, ал желтоқсан айынікі ақпанда түсті. Осылайша екі-үш айға кешігу басталған, қазіргі таңда біз мамыр айының қаржысын алмадық. Олар былтыр қаржының кешігуін бюджеттің жетіспеуімен түсіндірген, биыл жергілікті бюджетке сілтеді. Жергілікті органдармен хабарлассақ: «Сендердің келісімшарттарың Қаржы орталығымен, сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз» дейді. Басқа мектептерде де жағдай тура осындай ма дегенде, қаржыны елдегі тегін мектептерге беріп отырмыз дейді. Бірақ біз елдегі ақылы мектептердің ең арзанына жатамыз. Біз қатарлы қаржы төленбеген 50-60 шақты мектеп бар сияқты. Ал негізгі мектептер қаржысын алып болған.
– Негізі, ұлттық лицейдің оқу ақысы қанша? Грант та қарастырылған ба? Қазақша жеке мектептер әлі де пайда түсіре алмай жатқан жоқ па, әлде пайда бар ма? Пайдаға кенелген қандай жеке мектептер бар, олардың көбі орыс, ағылшын, француз мектептері емес пе?
– Негізі ұлттық мектептердің оқу ақысы өткен жылы арзан қалаларда – жылына 500 мың теңге, ең қымбат қалада 1 млн 500 мың теңге болды. Бұл жерде нақтырақ айту керек, бұл сомаға баланың кітабынан бастап, түскі тамағы, оқуы, ҰБТ, SAT, IELTS-қа дайындық, негізгі сабақтар, қосымша сабақтар, үйірмелері, мектеп формасына дейін толық кіреді. Яғни, бәрі бір төлемнің ішінде.
Былтыр біз отбасылық жағдайға байланысты көпбалалы ана, Күміс алқа, Алтын алқа иегерлерінің балаларына жеңілдіктер қарастырғанбыз. Және біз белгілі бір қалаларда гранттар бердік. Қазақша жекеменшік мектептер әлі де пайда түсіре алмай келеді. Қазақстанда кейбір ақылы мектептердің төлемі жылына 18 млн теңгеге дейін барады. Ал қазақ жекеменшік мектептердің бағасы әлдеқайда арзан, сондықтан пәлендей пайда көріп жатыр деп ойламаймын. Әрине оқушылардың оқуынан әртүрлі деңгейде қысып, ақша табатындар бар. Бірақ менің мектебімде сапа үшін, мұғалім мен оқушы үшін бар жағдай жасалғандықтан, ешқандай пайда көріп жатқан жоқпыз.

Енді тағы бір мәселе, біз нәтижемен көрінген мекемеміз. Бізде ешқандай демеуші жоқ. Өзіммен өзім келе жатырмын. Пайдаға кенелген жекеменшік мектептер елде бар. Олар біршама үлкен мектептер. Орыстілді, ағылшынтілді, французтілді былай тұрсын, тіпті, неміс, итальян тілінде сабақ беретін нешетүрлі мектептер бар. Олардың оқу ақысы 10 млн теңгеден басталады. Ал менің артымда ешқандай демеуші де жоқ.
– Сізге шүйлігіп жатқандар «ұлттық лицей» деп жеке мектептерді әлдеқандай қылмаңдар деп жатыр. Жалпы, соңғы кездері бәзбіреулердің «ұлт», «ұлттық» деген нәрседен астар іздеп, тіпті бұл сөзден жирендіру әрекеті де байқалады. Ұлттық университет, ұлттық академия бар тұста неге ұлттық лицейлер болмауы керек дейді қолдаушыларыңыз. Бұған не дейсіз?
– Ұлттық лицейге байланысты бірден айтамын, ұлттық лицей деген ол статус емес. Енді мемлекет ұлттық университет, ұлттық академия деп статус ретінде қарайды, ал бізде мазмұн бұл. Ұлттық мектеп деген Ұлыбританияда да бар, Түркияда да бар. Бірақ бұл жерде біз үшін мазмұн маңызды, яғни, техникалық жүйе, экономикалық жүйе деген мазмұн.
– Сізді Парламент Мәжілісінің депутаттарынан бастап, қатардағы мұғалім, оқушыға дейін қолдап жатыр. Сіз ұлттық мектептерді сақтап қалу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін хат жазыпсыз. Хатыңыз Преидентке жетіп пе? Егер 11 жылдық тарихы бар, 13000 түлек ұшырған Ұлттық лицейлер жабылса, не болмақ? Жалпы жабылу қаупі бар ма? Барлық өңірдегі филиалдарға лицензия берілген бе, әлде мұнда да түйткілдер бар ма?
– Иә, біз Президентке ұжым атынан да, жеке өз атымнан да хат жаздық. Қазіргі таңда хаттың статусы «қаралуда» деп тұр. Жауабын күтіп отырмыз. Соңғы үмітіміз – Президентте. Жүрегіміз езіліп отыр. Шыны керек, ұлттық лицейлер жабылса, менің адами репутациям да, кәсіби репутациям да құриды. Сонымен бірге менің сотталып кету қаупім де жоқ емес. Себебі ата-аналар алдындағы жауапкершілік тағы бар. Менің ішкі қаупім, ақырындап «алаяқтық бабына әкеле жатыр ма» деп қорқамын. Бірақ мен тек ақиқатын айтамын, жеке өзім басқа адамдар сияқты соңғы екі жылда қымбат дүние алмақ түгілі үстіме бір костюм алмаған адаммын. Тіпті, соңғы рет қашан өзіме қымбат нәрсе алғанымды да білмеймін. Бұл жерде қаржылық тұрғыдан қиын жағдайдамын. Бүкіл жүйе бұзылып кетті. Мемлекеттік қолдау уақытылы түспеді. Қазір сол қаржылық қиындықтың кесірінен тығырыққа тірелдік.

Ұлттық лицейдің жабылып қалу қаупі белгілі бір деңгейде бар. Тіпті, ұжым боп күйзелісте жүрміз. Кейбір қалалардағы ұлттық лицейлерді жабам ба деген ойым бар. Лицензияларға байланысты айтарым, лицензия базасынан кез келген адам тексеріледі. Біз 2022 жылдың қараша айында Ақтау қаласындағы мектепке лицензия алғанбыз. Содан бері біз 7 мектепке, ең соңғысы 2023 жылы Қарағандыдағы мектепке лицензия алдық. Яғни, 2022-2023 жылдары 7 мектепке лицензия алдық. Бұл жерде лицензияға байланысты ешқандай сұрақ жоқ.
Астана қаласындағы мектеп былтыр қыркүйек айында ашылды. Бірақ бір жыл бойы лицензия ала алмадық, оған әртүрлі кедергілер болды. Қазір ең үлкен қысым шілде айының басынан басталды. «Қыркүйек айының біріне дейін лицензияларын тартып алыңдар» деген тапсырма беріліпті... Мен ондай тапсырма берген адамдардың да шет жағасын білемін, бірақ қолымда нақты дәлел болмағасын оларды сотқа бере алмай отырмын. Бірақ сол тапсырманы алған адамдардың ішінен жанашырлары хабарласып айтты. «Мына мәселені тоқтат немесе лицензияларыңнан айырылып қаласыңдар» деді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының лицензиясын алты айға, Атырау қаласының лицензиясын біржола тоқтатты. Ақтау қаласының лицензиясын да тоқтатты. Үш қаланың лицензиясын тоқтатты, ал Астана қаласының лицензиясын былтыр ала алмадық. Төрт қалада лицензия бар, төрт қалада қазірше жоқ. Лицензияны тартып алу мәңгі емес, уақытша тоқтап тұр. Тексеріспен сондай шешім шығарды. Шыны керек, тексеріс дегенде мүмкін емес талап, нормалар бар. Тіпті, жаз айында тексерген кезде кейбір нормаларды орындай алмаймыз. Бұл көріп жатқан тексерістер тек бүгін пайда болмады. 2023 жылдан бастап біраз тексеріс көріп келе жатырмыз. Әртүрлі айыппұлдар да төледік.
– Қазақстандағы жекеменшік мектептердің басым бөлігінің тілі орыс тілі болған соң, Ұлттық лицейдің басына төнген қауіп жалпы қазақ жеке мектептерінің дамуына кері әсер ететін жәйт болмай ма?
– Жалпы жекеменшік мектептердің бәрі орыстілді немесе ағылшынтілді. Ұлттық лицейлердің басына төнген қауіп қазақ жекеменшік мектептерінің басына ертең-ақ төнеді. Бұл сондай-ақ егер белгілі бір деңгейде аралас мектеп ашпасаң, жалпы Ұлттық мектеп жасаймын деген концепцияға төнген қауіп деп ойлаймын. Сонымен бірге менің жеке басыма төнген қауіп. Бұдан бөлек құзырлы министрліктің артында басқа біреулер бар ма деп те қорқамын.
– Жекеменшік мектептердің қандай ортақ проблемасы бар? Қазір негізінен мектеп жетіспеушілігі аймақтардан бұрын халық көп көшіп келіп жатқан Астана, Алматы сияқты ірі мегаполистерде тым өзекті емес пе?
– Әрине, жекеменшік мектептердің ортақ проблемасы өте көп. Қазір әртүрлі жекеменшік мектептер бар. Әртүрлі форматта оқытып, тіпті мемлекеттік стандартты орындамайтын жекеменшік мектептер де бар. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық деңгейде көш бастап келе жатқан жеке білім ошақтары бар. Сондықтан 700-800 жекеменшік мектептің деңгейін бір көзқараспен қарап, салыстыруға келмейді. Барлық жерде жеке мектептер болуы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің ара-қатынасы 70/30 болуы керек. Жеке мектептер бәсекелі нарықты қалыптастырады, мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтады.

– Ал құзырлы министрліктің жаңа бастамасы алгебра мен геометрияны қосып, математика, химия, биология мен физиканы қосып жаратылыстану жасамақ ойын қолдайсыз ба? Өзіңіз химия пәнінің мұғалімісіз ғой, үш ғылымнан, пәннен бір ғылым, пән жасау мүмкін бе?
– Құзырлы министрліктің бастамасына мүлдем қарсымын. Мүлдем қолдамаймын, мүмкін емес дүние бұл. Жаңа білім стандартының жаңалығының бірі пәндерді біріктіріп және кіріктіріп оқытуы дұрыс емес. Бұл жаңалық шыққанда, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы вице-президенті Руслан Қаратабановтың сөзіне және құжатқа қарасақ: алгебра мен геометрия бірігіп математика болмақ, химия, физика, биология үшеуі қосақталып жаратылыстану пәні аталмақ. Ал, дүниежүзі тарихы және құқық негіздері біріге салып әлеуметтік ғылымдар пәні болады, - дейді. Құжат һәм жауапты тұлға.
Уәжі бұл пәндердің бір-бірімен мазмұн жақтан ұқсас. Тіпті бір әдіскер, химия тұнған биология, биология тұнған химия, физиканың іші толған химия деп көсіліпті. Өзім химик ретінде, 15 жыл мұғалім болып келе жатқан адам ретінде әдіскердің сөзіне тура мағынада шок болдым. Физикадағы қозғалыс не химия ма? Электр тоғы немесе астрономияның химияға қатысын түсінбедім. Биологиядағы қос мекенді, сүт қоректі жануардың дамуы, өсімдік құрылымы қашаннан химия болып кеткен? Күлкілі һәм сауатсыздық.
Бұлай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды! Пән аралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталу керек. Ал, бұлар жеке-жеке ғылым, жеке-жеке пән. Менің түсінбейтінім, онсыз да сапасы сын көтермейтін пәндерді біріктіріп, қоймалжың жасау кімге керек болды? Ертең ол біріккен пәнді кім береді? Химия ғылымдарының докторы, педагог-шебер болсам да, биология мен физикадан сабақ бере алмаймын. Білімім жетпейді. Себебі ол өзінше ғылым. Ал сонда әмбебап ұстаздарды бұлар қайдан таппақ? Түсінбедім.
Құқық пен тарихтың да есі дұрыс адам екі түрлі ғылым екенін жақсы біледі. Оны бір-біріне қосу да күлкілі. Бірінші тамақ, екінші тамақ екеуі де тамақ. Бірақ оларды араластырып ботқа етіп іше алмайсыз ғой? Тура солай бір-біріне ұқсайтын жерлері бар екен деп былықтыра беруге болмайды! Бұл құлдырауға алып келеді.
Онсыз да біздің білім саласының әлсіз тұсы болған жерді тағы да құлдырату. PISA көрсеткішінде математикалық сауаттылық пен жаратылыстану ғылымдары сауаттылығынан қай деңгейде болғанымызды ешкім ұмыта қоймаған шығар. Айтпақшы, білім академиясының вице-президенті пәнді қосу-қоспау құқы мектептің өзіне беріледі. Қаласа қоссын, қаламаса бөлек оқыта берсін, - дейді өз сөзінде. Сонда қосып оқытатын мектептерге бір бағдарлама, бір түрлі оқулық жазып, бөлек оқитындарға бөлек жеке-жеке бағдарлама, жеке-жеке оқулық жазып бересіңдер ме?
Айтпақшы, осыдан тура сегіз жыл бұрын Сәрінжіпов – Сағадиев жаңартылған бағдарлама тұсында бейнелеу өнері мен еңбекке баулу бірігіп көркем еңбек аталған. Оның қате екеніне көздері жетіп, енді қайтадан бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәніне бөлді.
Бір қосып, келесіде қате екен деп қайта бөлеміз бе? Бюджет қой, игеру керек. Басқа сөзім жоқ. Айтпақшы, айранды ұйымасын десең шайқай бер, шайқай бер, - дейтін тәмсіл бар. Бағдарлама мен оқулықты да сол айранша шайқай бер, сол кезде білім саласының көсегесі ешқашан көгермейді. Бұлардікі де сол тірлік. Ал мен үнсіз қалмау үшін айттым. Тыңдау тыңдамау солардың құзырында. Тыңдайтынына күмәнім бар, әрине.

– Сізге қарсы боттар да жұмыс істеп жатыр дей аласыз ба?
– Маған қарсы боттар өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Бұл боттардың жұмыс жасауы бүгін басталған жоқ. Сәуір-мамыр айынан бері төмпештеп келе жатыр. Енді қазір шырқау шыңына шықты. Ертеңгі мақсаттары іс қозғату, соттау немесе басқа да жағдайларға апару болуы мүмкін. Шырылдап, әділдік іздеп жатқанымыз да сондықтан. Иә, мен мұғалімдер алдында қарызбын, салық жағынан белгілі бір деңгейде қарызбын. Енді мектеп жабылса, ата-аналар алдында қарыз боп қалайын деп тұрмын. Мұның бәрі қорқынышты сценариймен келе жатыр.
Бұл жерде менің де кінәм бар. Менің кінәм, қаржылық жоспарлау қиындап, жоғары жақтан тексерістер үдеген кезде артқа шегіне салмауым. Яғни, жоғарыдағылар мектеп ашқызбайтынын, жұмыс істетпейтінін білгенде, қаржылық жағдай қиындаған кезде ертерек банкрот жасауым керек еді. Қазір тығырықтың, құзар шыңның басына келіп тоқтадым. Ар жағын Құдайға тапсырдым.
Әңгімелескен Кәмшат Тасболат