Logo
Іздеу
Айдарлар

АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділер бес жылға сотталуы мүмкін

/
АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділер бес жылға сотталуы мүмкін
Сурет: pixabay

Қазақстанда АЭС құрылысына қарсы шыққан бес белсендіні прокурор бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айыпталушыларға «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға дайындалу» (ҚК 272-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі) бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушы олардың кінәсі дәлелденді деп есептейді. Прокурор сотта «мемлекеттік маңызды шараның сәтсіздікке ұшырауы азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу болып табылады» деді.

Істі судья Ернар Қасымбеков қарап жатыр. Бүгін Алмалы аудандық сотында тараптардың жарыссөзі басталды.

Айыпталушылар өздерін толық ақтауды сұрайды.

Олар АЭС құрылысы бойынша референдум қарсаңында ұсталып, «жаппай тәртіпсіздікке дайындалды» деп айыпталған.

Айыпталушылар орындығында – Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазакбай, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мұбараков және Фазылжан Сыдыков. Олар бірнеше айдан бері қамауда отыр. Сот бұлтартпау шарасын өзгертуге немесе алып тастауға негіз таппады.

Бұған дейін Қазақстанда АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділер ісіне Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы назар аударған. Аталған ұйым Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайына арналған есебінде 2024 жылдың қазан айында полиция елде жоспарланған АЭС құрылысына қарсы бейбіт акция өткізбек болған 12 белсендіні ұстап, оларға «тәртіпсіздікке дайындалды» деген айып таққанын атап өткен.