Ақтөбеде түн ішінде көпқабатты үйдің ауласында қанды оқиға тіркелді. Бетперде киген белгісіз ер адам автокөліктің әйнегін сындырып, жүргізушіні сыртқа сүйреп шығарып, бейсбол таяғымен аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға сәті домофон камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада қаскүнемнің көлікке жақындап, жүргізуші жағындағы әйнекті сындырғаны анық көрінеді. Содан соң ол жүргізушіні сыртқа шығарып, бірнеше рет ұрған.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға түн ортасында болған. Қатты айғай-шудан оянып шыққан тұрғындар жедел жәрдем шақырған. Жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі таңда полиция күдіктіні іздестіруде. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.