Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қасымбаевты «Хуторские» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп атайды.
Сотта ММА спортшысы Арман Алимов куәлік берді. Ол 2021 жылы Хасанның нұсқауымен өзіне қарсы ұрлау мен соққы жасалғанын айтты. Оның айтуынша, шабуыл кезінде ағаш және металл таяқтар қолданылған.
Алимовтың сөзіне қарағанда, алдымен оны дүкен ішінде ұрып, кейін көлікке күштеп отырғызған. Жәбірленушіні үш адам — Руслан Алиев, Мадияр Қалымжанов және Сайлау Ақжанов ұстап отырған. Олар одан 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында болған атысқа қатысы бар-жоғын сұраған.
«Мені сол оқиғаға кінәлі деп айыптап, бейнежазбаға түсірді. Кешке Хасан келіп, тоқтатуға бұйрық берді», — деді Алимов.
Спортшы оқиғадан кейін ауыр жарақат алған: қабырғалары сынған, бүйрегі мен өкпесі зақымданған, оң көзі қазір дұрыс көрмейді.
Қорғаушы тарап Алимовтың айтқандарын күмәнді деп бағалады.