UFC-дің жартылай орта салмағында өнер көрсететін Шон Брэдидің командасы файтердің алдағы қарсыластары туралы пікір білдіріп, оның ішінде Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін де сөз етті, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шанхайда өтетін турнир қарсаңындағы подкастта Брэдидің командасы спортшының жаңа айқасқа дайын екенін, бірақ дивизиондағы үздіктерге қарсы шығу оңай болмай тұрғанын айтты. Осы тұста олар Шавкат Рахмоновтың жеке өміріндегі ауыр жайтты – жұбайының жол апатына түскенін де еске алды.
"Ол (Брэди – ред.) айқасқа дайын. Жекпе-жек қажет. Топ-5-тегі кез келгенімен жұдырықтасуға дайын екенін айтты. Камару Усманға ұсыныс жасаған. Ал Шавкатқа келсек, білесіздер, оның отбасында ауыр жағдай бар. Қателеспесем, жұбайы жол апатына түсті. Қалғандары кім? Иан Гэрри бар, бірақ ол үнемі ақшаға да, басқаға да шағымданады", – деді Брэдидің командасы.
Айта кетсек, бұған дейін "Спорт Шредингера" порталы Шон Брэдидің Шавкат Рахмоновқа қарсылас болуы мүмкін екенін жазған. Әзірге UFC ресми жекпе-жек жарияламағанымен, сарапшылар бұл айқас қараша айында Катарда өтетін турнирдің басты оқиғасына айналуы ықтимал деп болжайды.