Шымкентте "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" атты қалалық тамыз конференциясы өтті. Жиынға 2 мыңнан астам мұғалім, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Пленарлық отырыста ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министр Мемлекет басшысының мұғалімдерді қорғауға және оларды артық міндеттерден босатуға ерекше көңіл бөлгенін еске салды.
— Педагог өз құзыретіне кірмейтін жағдайлар үшін орынсыз айыптаулардан қорғалуы тиіс. Бұл – мемлекеттің басты ұстанымы. Мұғалімдерді қорғау арқылы біз балалардың сапалы білім алу құқығын қорғаймыз, – деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ ол жаңа оқу жылындағы басты өзгерістерді жария етті. Енді «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл бағытта оқушыларға Day of AI онлайн-курстары, ал ұстаздарға арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары дайындалған.
Бұдан бөлек, кезең-кезеңімен AI-Kitap білім беру платформасы іске қосылады. Қараша айында алғаш рет республикалық ата-аналар комитеттерінің форумы өтпек. Жаңа алаң «мектеп – ата-ана – қоғам» байланысын нығайтуға бағытталады.
Тағы бір маңызды жаңалық – 2025-2026 оқу жылынан бастап мектептердің ішкі дизайны бірыңғай стандарт бойынша безендірілмек. Қазірдің өзінде 100-ден астам «Келешек мектебі» жаңа брендбук негізінде салынып жатыр. Бұл үлгі алдағы уақытта жөндеу жүргізілетін 1 300 мектепке енгізіліп, кейін барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады.
Жиын соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапат тапсырды. Сонымен бірге, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында алғаш рет техникалық қызметкерлер де адал еңбегі үшін марапатталды.