Балалар алаңында болған оқиғада Теміртау тұрғыны өз баласының құрдасымен алысып жатқанын көріп, араласқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әйел қарсылас баланы жағасынан ұстап алып, кейін оның бетіне ұрған. Соққы салдарынан бала миы шайқалып, жарақаттар мен гематомалар алған. Жәбірленуші баланың өкілі полицияға арызданды.
Жуырда баланың анасы сотталды.
Теміртау қалалық соты оны ҚК-нің 108-бабы (“денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру”) бойынша кінәлі деп танып, 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар әйел жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 100 мың теңге төлеуге міндеттелді.
«Сотта Б. өз кінәсін мойындады, бұдан бөлек, оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді: бейнебақылау камерасындағы жазба, жәбірленушінің заңды өкілінің және кәмелетке толмаған жәбірленушінің, кәмелетке толмаған куәнің жауаптары, сот-медициналық сараптама қорытындысы. Жәбірленушінің заңды өкілі соттан заң бойынша, өзінің қалауы бойынша жаза тағайындауды сұрады», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.