Алматының "Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтиктен" басым түсіп, алғаш рет турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Плей-оффтың шешуші кездесуі Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Алғашқы ойын секілді бұл матчтың да негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Қосымша уақыт та нәтижесіз өтіп, бәрі пенальти сериясында шешілді.
Серия басында Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков қарсыластың алғашқы екі соққысын қайтарды. Дегенмен "Қайрат" сапынан Валерий Громыко өз мүмкіндігін жіберіп алды – оның соққысы қақпа бағанынан қайтты.
Артынша алаң иелері сапынан қорғаушылар Александр Мартынович (Беларусь), Офри Арад (Израиль) және Егор Сорокин (Ресей) өз соққыларын сәтті орындады. Анарбековтің үшінші сейві алматылықтарға 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.
Осылайша "Қайрат" тарихта тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде бақ сынайды. Қазақстандық клубтар арасында мұндай жетістікке бұған дейін тек "Астана" (2015/16 маусымы) қол жеткізген болатын.
Биыл турнирдің жалпы кезеңінде 36 команда өнер көрсетеді. Әрбір клуб сегіз ойын өткізеді – төртеуі өз алаңында, төртеуі сыртта. "Қайраттың" қарсыластары 28 тамызда өтетін жеребе тарту рәсімінде белгілі болады.