Logo
Іздеу
Айдарлар

«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім ордасында баспасөз туры өтті

/
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім ордасында баспасөз туры өтті
Юрий Ким

Білім күні қарсаңында журналистер Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көріп қайтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, халық игілігіне берілген. Қазіргі таңда мектепті тәжірибелі ұстаз Гүлмира Есентаева басқарады.

Оқу орнының жұмысымен педагог-ұйымдастырушы Аружан Кәрімқызы таныстырып, ата-аналар да ғимаратты аралап шықты. Мектептің 360 орындық асханасы, 500 адамға арналған мәжіліс залы бар. Сонымен қатар кең спорт залы, жинақы бастауыш сынып кабинеттері, коворкинг аймақтары, медициналық және шығармашылық бөлмелер оқушылар игілігіне ұсынылған. Химия мен биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кітапханада 13 мыңнан астам кітап қоры жинақталған, оның ішінде 4 мыңнан аса көркем әдебиеттер бар.

Еңбекке баулу кабинеттері ұлдар мен қыздарға жеке-жеке ұйымдастырылған. Қыздарға арналған ас дайындау бөлмесі де бар. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айзат Ұзатова тігіншілік сабақтарының барысын түсіндірсе, биология пәнінің ұстазы Эльмира Төлепова гидропоника мен микроскоптарды қолдану әдістерін көрсетті. Оқушылар қытайлық қондырғы арқылы қияр мен қызанақ өсіруді де үйренуде.

«Бір жыл ішінде ауданның үздік 10 мектебінің қатарына ендік. Оқушыларымыз волейболдан республикалық жарыста жеңіске жетті, жағажай волейболынан да үздік нәтиже көрсетті. Футбол және ойын алаңдары, шахмат пен футбол үйірмелері балалардың дамуына мүмкіндік беріп отыр. «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» байқауларында да жетістіктерге жеттік. 16 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, төртеуі жүлделі орынға ие болды. Мұның бәрі – мұғалімдер мен ұжым еңбегінің жемісі», – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сая Қалабаева.

Журналистермен бірге мектепті аралағандардың ішінде ең жасы үлкені – 81 жастағы Салиха Есқараева. Оның төрт немересі осы білім ордасында оқиды. Ол мектептің мүмкіндіктеріне ризашылығын білдіріп, жастарға батасын берді. Ал жас ата-ана Шынар Асқарқызы: «Балаларымның 1, 2 және 4-сыныпта оқып жатқанына қуанамын. Мұнда барлық жағдай жасалған. Тіпті кейде өзіміз де кітапханадан көркем әдебиеттер алып оқимыз», – деді.

Мектеп 600 оқушыға арналған және жаңа оқу жылына ауқымды жоспарлар қойып отыр. Балалар мұндай қолайлы ортада білім алып жатқандарына дән риза.

Айта кетерлігі, өңірде осы жоба аясында бүгінге дейін 4 мектеп пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 3 мектеп ашылмақ.