Блогер Ерболат Жанәбіловтің ұтыс ойынына қатысты тексеріс әкімшілік іспен аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2025 жылғы 26 тамызда Жанәбіловке ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша хаттама жасалды. Оның адвокатының өтініші бойынша іс Астананың мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды», — деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Жанәбілов «Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея ұйымдастыруы» бабы бойынша тексеріліп жатыр. Оған 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
«Жанәбіловтің жары Төлегенованың Instagram-дағы әрекеттеріне қатысты тексеріс жалғасуда. Қорытындысында комитет тиісті шешім қабылдайды», — делінген хабарламада.
Қазір кейбір блогерлер Instagram-да лотерея өткізсе, басқалары казино жарнамалап, миллиондар табуда.
Алайда олардың «әуені ұзаққа созылмады»: 11 инфлюенсер құмар ойындарды жарнамалағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Тағы 23 блогерге қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне жолданды. Олардың арасында трансгендер Niko Nett те бар.