Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Абай облысында 53 жастағы ер адам бірінші сыныпқа барды

Абай облысында 53 жастағы ер адам бірінші сыныпқа барды
Сурет: Polisia.kz

Абай облысындағы түзету мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан 53 жастағы азамат алғаш рет партаға отырып, білім алмақ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өзінің айтуынша, ата-анасы ішімдікке салынып кеткендіктен, ол бала кезінен екі қарындасын бағып, ерте еңбекке араласқан. Өкінішке қарай, жастық шағы түрмеде өткендіктен мектепке баруға мүмкіндігі болмаған.

Polisia.kz мәліметінше, қазір бұл түзету мекемесінде №2 жалпы білім беретін орта мектептің қолдауымен 21-53 жас аралығындағы сотталғандар оқу мүмкіндігіне ие. Солардың ішінде алғаш рет партаға отырған 53 жастағы азаматтың тағдыры ерекше назар аудартты.

- Балалық шағым еңбекпен өтті, қарындастарымды бағуға тура келді. Әке-шешем ішімдікке салынып кеткендіктен, мектепке апарған да жоқ. Жастық шағымның көбі түрмелерде өтті. Қазір ойланып қарасам, білім алғанда тағдырым мүлде басқа болар еді. Бірақ “ештен кеш жақсы” дейді ғой, – деп ағынан жарылды ол.

Ал қамау мекемесінің басшысы Жеңісбек Дәуренбековтың айтуынша, білім – сотталғандарға түрмеден шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға жол ашатын үлкен мүмкіндік.