Әнші Макс Корж тобының техникалық директоры Арнис Гринбергс Алматыда өтетін концертке байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Соңғы жылдары Макс Корж тек UEFA-ның ең жоғары санаттағы стадиондарында ғана өнер көрсетеді. Сондықтан Корж тобының техникалық директоры ретінде футбол алаңының көгалын сақтау тақырыбы маған жақсы таныс. Бұған қоса Metallica, The Rolling Stones, Madonna, Elton John, Rammstein, Kanye West секілді әлемдік деңгейдегі әртістердің ауқымды концерттерін лайықты стадиондарда тұрақты өткізіп жүрген жеке тәжірибем бар. Яғни ең ірі ареналарда концерт өткізу – сол стадиондарда ойнайтын командалар үшін мәселе емес.
Көгалды аман сақтаудың басты кепілі – кәсіби, сапалы әрі стандартқа сай қорғаныш жамылғысын пайдалану. Біз мұны ұйымдастырушыларға берілетін техникалық райдерімізде нақты көрсетеміз. Менің білуімше, Алматыдағы стадионда біздің шара үшін жабық алюминий қалқаны емес, ауа өткізетін, «тыныс алатын» жеңіл жамылғы қолданылады. Бұл, негізінен, шөпті барынша жақсы күйінде сақтауға қолайлы.
Тамыр қабаты зақымданбаған, шөп биологиялық тұрғыдан жойылып кетпеген әрі алаңның беткі деңгейінде айтарлықтай бұзылулар жоқ болса, толық қалпына келуге үш апта жеткілікті екенін жақсы білемін. Оның үстіне бүгінде бұл мақсатта арнайы препараттар, қажет болғанда ерекше суару тәртібі мен ультракүлгін өңдеу қолданылады; ал сіздердің өңірлеріңізде бұл кезеңде мұның бірқатары табиғи жолмен-ақ шешіледі.
Бұған дейін футболға байланысты біздің шарамыз өтпей қалған соң, биылғы күнді әдейі мұқият таңдадық – тіпті жергілікті команданың Чемпиондар лигасына шығу ықтималдығын және көгал мәселесінің өзектілігін де есепке алдық.
Техникалық тұрғыдан алғанда, «Реал Мадридке» қарсы алдағы ойынға зиян келтірмей-ақ концертті өткізуге болатынына кәміл сенімдімін.», - дейді Гринбергс.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Макс Корждың 6 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионында өтетін концерті өтпейтін болды деп мәлімдеген болатын.