Екібастұзда жедел жәрдем қызметкерлері науқастардың өміріне қауіп төндіретін жағдайда жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жедел жәрдемнің төртінші қосалқы станциясының қызметкерлері билікке үндеу жасады. Олардың айтуынша, жүргізушілерге күніне бар болғаны 20–30 литр бензин ғана бөлінеді. Бұл қарапайым шақыртуларға да жетпейді, әсіресе ауылдарға баруға. Медиктердің сөзінше, кейде көліктер пациентке бара жатқан жолда тоқтап қалады. Ал қолдау көрсетудің орнына, басшылық қысым жасап, дөрекілікке жол береді.
«Жас фельдшерлерге, оқуын енді ғана аяқтағанына қарамастан, тәлімгерсіз кезекшілік жүктейді. Бұл науқастардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді», — делінген үндеуде.
Шағымдар жұмыс кестесіне, кадрлардың жиі кетуіне, шамадан тыс жүктемеге және қызметкерлердің өтініштерін елемеуге де қатысты, деп жазды Orda.kz.
Қызметкерлер станцияны жанармаймен қамтамасыз етуді, жас мамандарға деген қарым-қатынасты өзгертуді және басшылықтың әрекеттерін тексеруді талап етіп отыр.
Әлеуметтік желілердегі жарияланымнан кейін облыстық жедел жәрдем станциясы бұл шағым қабылданғанын хабарлады. Жақын күндері Екібастұзға арнайы комиссия барады.
«Бұған дейін ұжымнан мұндай шағымдар түскен жоқ. Е-otinish арқылы немесе пошта арқылы, еңбек шарты немесе өзге де растайтын құжаттарды қоса тіркеп, ресми түрде жүгінуді ұсынамыз», — деді мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров.
Өткен аптада Павлодар облысында өлім-жітім мен вакцинация көрсеткішін бақылауды күшейту аясында және аурухана басшыларына қатысты тәртіптік шараларға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековке қарсы айып тағылған анонимді хаттар тараған еді.