Қыркүйек айынан бастап ел азаматтарының мобильді аударымдары бақылауға алынды. Енді азаматтың шотына 100 түрлі адамнан 3 ай бойы үздіксіз ақша аударылса, бұған қоса аударымдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, мемлекеттік органдар тексеріске кіріседі. Банктер тиісті ақпаратты меморгандарға жеткізуге міндеттелген. Қазірше туыстардың бір-біріне аударған қаражаты есепке алынбайды деп отыр. Бұл орайда базарда арба сүйреген немесе курьер, таксист болып өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар бұл бастаманың салдары болады деп қорқады.
РOS-терминалмен төлем қабылдау тиімсіз бе?
Жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бұл орайда жоғарыда айтылған санаттың мобильді аударымдары кезеңге сай тексеріле бастады: яғни, 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, 2024 жылдан бастап мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, 2025 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшылары, ал 2026 жылдан бастап қалған барлық азаматтар. Егер алғашқы үш кезең шеңберінде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4 млн астам адам кірсе, соңғысы шамамен 8 млн адамды, атап айтсақ, жеке құрылым қызметкерлерін, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер мен басқаларды қамтиды екен.
Әрине Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі бизнесті анықтап,заң аясында жұмыс істеуіне қол жеткізуге мүдделі. Бұл шара да жасырын кіріс пен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтап, заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкеден шығаруға бағытталып отыр. Қазіргі таңда тек жайма базарларда ғана емес, ірі сауда орталықтарында да кейбір кәсіпкерлер мобильді аударым немесе қолма-қол ақшамен төлем жасауды өтінеді. Неге кәсіпкерлер есепшотты аударым арқылы төлетеді? Себебі POS-терминалда банк комиссиясы өте жоғары. Мәселен, сатып алушы не қызметке жүгінуші картамен төлейтін болса, 2,3 пайыз, QR-мен төлесе, 0,95 пайыз комиссия ұсталады. Кәсіпкерлердің айтуынша, егер отандық банктер картамен не QR-мен төлегенде жоғары комиссия алуды доғарса, бәрі заңды түрде жұмыс істеп, POS-терминалға жаппай көшер еді деген пікірде.
Яндекстің комиссиясы неге жоғары?
Өткен жылы ЯндексQazaqstan компаниясы қазынаға 29,5 млрд теңге салық төлеген. Қосымшаның қызметіне шамамен 10 млн адам жүгінеді екен. Ресейлік компанияның мәліметінше,2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Яндекс Такси платформасында 85 000 көлік жүргізушісі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мобильді қосымшаны арнайы салық жүйесінде қолдана бастаған. Яндекс такси жүйесінде жұмыс істейтін Ақгүл Шарипова «Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тиімсіз, бұл талап шыққалы кассамызды көтере алмай қалдық» деп мұңын шағады:
- Яндекстің бізден алар комиссиясы жоғары. Кіші қалаларда 16%, ірі қалаларда 21%-ды құрайды. Бұдан бөлек таксопарк 4%, салық шығындары 4% боп тұр. Табыстың 30% комиссия болса, бұған қоса5-10 мың теңгеге жанармай құямыз, көлікті жуу 1000-4500 теңге, өзің жусаң 1000-1500 теңге болады. Автотұрақтар, май ауыстыру сияқты шығын жетерлік. Жалпы өз басым кредитке алған көлікті ғана асырап жүрмін, несін жасырайын. Сол үшін жолдасым да таксиді қосымша табыс ретінде қарастырамын деп, қазір вахтаға жұмысқа орналасты. Көлікті несиеге 21%-пен алдық. Кейбір жүргізушілер 12-30 мың теңге аралығында тариф түріне қарай көлікті жалға алып, нан табамын деп ойлайды. Ондайда көлікте көз ілмей, тоқтаусыз жүруге тура келеді, - дейді.
Ақгүл Шарипованың айтуынша, такси жүргізушілерінің де құқығы өз деңгейінде қорғалмаған. ЖК ретінде тіркелмегендерге ресейлік платформа тапсырыс бермей немесе ұзақ күттіріп, арзан тарифпен жүруге мәжбүрлейді екен. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендерге қымбат әрі ұтымды тапсырыстарды лезде береді дейді. Бұл тұста такси жүргізушісі:
- Таксистер тым көп. Көптігімізді білген соң, Яндекстің бізбен шаруасы жоқ. Бір тараптың ғана құқығын қорғап, жолаушының шағымына сеніп, пәленбай теңге кредитке көлік алып, нанын тауып жүрген таксисттің бұл саладағы карьерасына да оңай балта шаба салады. Яғни, рейтингін құлатады, құлай берсе жоғары тарифінен айырылады, эконом бағамен адам тасуға тура келеді. Тіпті кей жағдайда Яндекс кемі 6 айдан бастап мәңгілікке бұғаттап тастауы да мүмкін. Айлық алатын тұрақты жұмыс орнына орналасайын десек, қазір жалақының өзі 200-350 мың теңгеден аспайды ғой. Ал көліктің ай сайынғы кредитінің өзі 250-350 мың теңге боп тұр. Бұл соманың өзі бастапқы жарна салуымызға байланысты осындай. Айына бензинге 200 мың теңге, көлік жууға – 52500 теңге кетеді екен. Көлікті 3500 теңгеге күнара жудырамын, себебі көлік таза болуы керек деген талап бар. Әуежай аймағына әр кіргеніміз 300 теңге, бизнес тариф болған соң клиентті тақап түсіресің. Әуежай тұрағы күніне 900-1500 теңге арасы, сонда айына 30000-36000 теңге. Күніне 300 км жол жүремін. Демек, ай сайын май ауыстыру 25000 теңге. Бұған авто сақтандыру, жолаушыны сақтандыру, Сергектің айыппұлы, көлік жөндеуді қосыңыз, - дейді.
Тәжірибелі көлік жүргізушісі елімізде отандық такси жүйесін қалыптастыру керек деген ойда. Оның айтуынша, қазір әйелдер мен балалар таксиіне сұраныс өте жоғары. Бұл орайда әйел таксистерге Яндекс комиссияны азайтса жөн болар еді деген ұсыныс айтады. Ақгүл Шарипова «блогер таксистердің айына миллиондап табамыз» деген видеолары билікті қызықтырады, шынтуайтында жағдай мүлдем басқа деп отыр.
- Тиктокта ең жоғары тарифі бар«Ультима Яндекс» (премиум санатындағы қымбат такси түрі) таксисттері айына тапқан миллионын салып мақтанып, билікті қызықтырады. Олар таксидің дәмін енді сезген адамдар. Бірақ бір видеомен 330 мың таксисттің тағдырын шешу үлкен қателік. Әркімнің потенциалы да, жағдайы да әр түрлі емес пе? Мен күніне10 сағат рульде отыра алсам, жас бала 20 сағат жүре алады, сондықтан 2 есе көппайда табады. Оның үстіне ер азаматтар үйіне барып жатады, ал әйелдерде үй тірлігі, мектеп, балабақша, қонақ күту сияқты жұмыс басталады. Өкінішке қарай, жолда әйел таксисттердің қауіпсіздігіне де мән берілмейді. Тіпті, қорғану үшін құжатты қажет етпейтін суық қару алып жүруге мәжбүрміз. Ал әйел таксисттер күн санап көбеюде. Күйеуімен ажырасып, баласына памперс, қосымша сүт алу үшін 3-4 сағатқа шығып жүрген қыздар да бар. Өкінішке қарай, бала тек әйелге керек деген менталитет те жоқ емес қой, - деп ойын түйіндейді.
Алматыда Яндекс жүйесінде курьер боп жұмыс істейтін Нұртас Кенжебай да комиссияның тым көптігін алға тартады.
- Менің Яндекс пен таксопаркке төлейтін комиссиям 30,1% асады. Таксопарктің өзі 6% алып отыр. Өкінішке қарай, ресейлік қосымша қулыққа барып, бізге мультитапсырысты да жүктеп қояды. Яғни, бір мезетте 4 мекенжайға баруды міндеттейді. Сондағы бірінші тапсырыстың құны –1000 теңге болса, қалған үшеуіне 300 теңгеден төлеп, бәріне небары 900 теңге береді. Егер әділ болса, 4 мекенжайға толық сомасы төленуі керек қой. Ең қызығы, сол қаржыдан тағы қыруар комиссия ұсталады. Әрине, термосумкамен жұмыс істейтіндер үшін 23% комиссия бар. Ал мұндай сөмкені ұстамағандарға қосымша 7% салық төлетіп отыр ғой, - деп өкінішін білдіреді.
Курьердің айтуынша, тапсырыс берушілерден шағым түссе, Яндекс рейтингті түсіріп, мәселені біржақты шеше салады.
Ақгүл Шарипова да Яндекс өз жұмысшыларын қорғап, еңбек демалысына шығарып, ауырғанда емделуге де мүмкіндік беруі керек деген ойда. Себебі тапсырысқа шықпаған таксист, курьерлердің де рейтингі түсе береді екен. Ал оны қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді.
Қазірше отандық Aparu такси қызметі жалпыұлттық деңгейге жете қойған жоқ. Кейбір деректерге сенсек, қазақстандық такси шақыру қызметі Астана, Өскемен, Семей, Ақтөбе мен Таразда қызмет етеді. Билік отандық қосымшаны қолдауға асығар емес.
Естеріңізге сала кетсек, Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Яндекс компаниясының негізін қалаушылар халықаралық санкцияға тап болды. Соның салдарынан Яндекс компаниясы құрылымын өзгертіп, атауын Yandex N.V. деп ресми өзгертті. Бірақ Қазақстанда бұл қосымшақазірше Яндекс Go, Яндекс Карты сияқты орысша атауларымен жұмыс істеп келеді.