Қазақстан азаматы, ірі көлемдегі бірнеше алаяқтық дерегі бойынша іздеуде жүрген күдікті Түркиядан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігі және Түркияның құзырлы органдарының көмегімен күдіктіні ұстап, Қазақстанға қайтару шарасы жүзеге асырылды.
Тергеу деректеріне сүйенсек, ол 2023 жылы Шымкентте сыбайластарының көмегімен интернет алаңдарда нарықтық бағадан арзан автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар жариялаған. Соның салдарынан 52 азамат жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Қылмыстық топ мүшелері бұған дейін түрлі мерзімге сотталған. Ал күдікті қылмыстан кейін жасырынып кеткендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланып, 2025 жылдың тамыз айында Түркия аумағында ұсталды.
Қазіргі таңда ол тергеу изоляторына қамалды. Егер кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмыс жасаған тұлғаларды қай елде жүрсе де жауапқа тарту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.