Президент халыққа Жолдауында отандық аграрлық нарықты қорғауды және ұлттық өнімді шетелге ілгерілету жайында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі азық-түлік нарығының импортқа тәуелді екенін атап өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында қазақстандық өндірушілер үшін әділ жағдайға қол жеткізу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы азық-түлікпен 100 пайыз өзін-өзі қамту мүмкін де, қажет те емес екенін, алайда қазіргі жағдайдың ұятты екенін жеткізді. Ол ішкі өндірісті дамытумен қатар, дәстүрлі ұлттық өнімдерді шетел нарығына белсенді шығару керектігін атап өтті. Бұл үшін логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық нормалар, сондай-ақ маркетингтік стратегия ескерілген нақты агроэкспорт жоспары қажет.
«Қазір біздің нарықта болып жатқан жағдай — ұят», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, экспортты дамыту тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Сондықтан үкімет деңгейінде іс-қимылды үйлестіру қажет. Сонымен бірге депутаттар да заңнамалық шаралар арқылы отандық өндірушілердің құқығын қорғауы тиіс.