Logo
Іздеу
Айдарлар

Ар-ұждан даңқтан да, байлықтан да қымбат. Алла Пугачёва Ресейден кетуінің шынайы себебін айтты

/
Ар-ұждан даңқтан да, байлықтан да қымбат. Алла Пугачёва Ресейден кетуінің шынайы себебін айтты
Сурет: видеодан скрин

Ресейлік әнші Алла Пугачёва алғаш рет Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресейден не үшін кеткенін ашық түсіндірді. «Скажи Гордеевой» бағдарламасында әнші күйеуі Максим Галкин екеуі соғысқа қарсы болғанын тікелей мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әртістің айтуынша, бастапқыда ол елден кетуді ойламаған. Алайда Галкинің соғысқа қарсы жария мәлімдемелерінен кейін оны іс жүзінде «қуып жіберген». Израильге емделуге кеткен соң Пугачёваға қарсы хейт толқыны басталып, ресейлік БАҚ-та да, тіпті кейбір дін өкілдері тарапынан да оның атына ауыр сөздер айтылған.

«Мен кеткім келген жоқ. Кейін біз соғысқа қарсы болған соң, біреулер жабылып, Останкиноға түрлі хаттар жазды, тек қорлау болды. Ондай жағдайда „бұл жерде не істеп жүрмін?“ деген ой келеді», – деп түсіндірді Пугачёва.

Әншінің айтуынша, ол Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенкомен сөйлескеннен кейін «бәрі жақсы» деген сөзін алған. Бірақ екі күннен соң оның күйеуі «шетел агенті» деп танылды. Бұдан кейін олардың балалары да ресейлік мектепте қудалауға ұшыраған.

«Шынымды айтайын, бұл маған қатты ауыр тиді. Сол кезде мен: „мені де шетел агенті деп жариялаңдар“ деп жаздым. Білімді адамдардың пікірін неге тұншықтырады, түсінбеймін. Мемлекетте әртүрлі көзқарас болуы тиіс. Егер тек бір ғана пікір қалса, ал өзгесі тыйым салынса, онда қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?» – деді Пугачёва.

Сонымен бірге ол соғыс жүргізіп отырған елде соғыс туралы айту қажет екенін атап өтті.

«Ар-ұждан деген ұғым бар. Ар-ұждан – даңқтан да, байлықтан да, барлығынан да қымбат», – деп түйіндеді Пугачёва.