Алматыда өздерін есірткі полициясының қызметкерлері ретінде көрсетіп, ақша бопсалады деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Алматыда қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері СОБР сарбаздарымен бірлесіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, осы желеумен азаматтардан ақша талап еткен адамдар тобын ұстады. Күдіктілер өздерін есірткі полициясының қызметкерлеріміз деп таныстырған, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан және ақша аударуды немесе қолма-қол беруді талап еткен», – делінген хабарламада.
Олардан «Полицияға жәрдемдесу жасағының» қолдан жасалған қызметтік куәліктері, қолкісендер және ақша тәркіленді. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, сот оларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. «Бопсалау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
«Бұл – жыл басынан бері өздерін полицейміз деп көрсеткен топтарды ұстаудың үшінші дерегі. Мұндай фактілер қоғамның сенімін әлсіретеді, сондықтан біз мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қоямыз. Нағыз полицейлер тек заң аясында әрекет етеді. Алматы тұрғындарына айтарым: егер өздерін полицейміз деп таныстырған адамдардың әрекетіне күмәндансаңыздар, бірден «102»-ге хабарласыңыздар», – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.