Қарағанды облысында мектеп мұғалімі қызды ұрлап, ауылына алып кеткен. Қыздың ата-анасы дер кезінде құтқарып үлгерді. Алайда, туыстарының айтуынша, полиция іс материалын 10 айдан бері созып келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Информбюро бағдарламасының дерегінше, қыз жігітпен желтоқсан айында танысып, екі аптадай кездескен. Бірақ кейін қарым-қатынасты тоқтатуды шешкен. Осыдан соң 23 жастағы ер адам достарымен оны жұмыс орны маңынан аңдып жүріп, көлікке күштеп отырғызып, ауылға алып кеткен. Лаура ата-анасына геолокация жіберіп үлгерген. Ауылда оны жігіттің туыстары мен басына ақ орамал таққан анасы күтіп тұрған. Лаураның ата-анасы да жетіп келіп, жанжалдан кейін қызын алып кеткен.
«Ол мені қорқытып, бәрібір бәрі білетінін, бәріне мен олардың үйінде болғанымды айтатынын жеткізді. “Қалай да келісесің, басқа амалың жоқ” деді. Қалада жалғызбын, анам мен әпкем басқа ауданда тұрады. Мен қорқамын, өйткені ол әлі бостандықта жүр», - дейді қыз.
Лаура полицияға арыз жазған. Бірақ арызды тек 1,5 айдан кейін ғана тіркеген. Ал іс 10 айдан бері жылжымай тұр. Лаураның туыстары аудандық және облыстық прокуратураға сан мәрте барған, Бас прокуратураға да жазған. Бірақ әр жолы тағы күте тұруды сұрайды.
«Бізде дәлелдер бар, куәгер бар, видео бар. Неге іс сотқа жетпей жатыр? Бұл бізді ашуландырады. Біз заң бойынша ол жауаптан құтылып кетеді деп қорқамыз. Ақшалай келісейік, істі жапқызып берейік деп ұсыныс жасады. Біз келіскен жоқпыз», - дейді қыздың анасы Мира.
Қыз бен оның туыстары қылмыскердің заң алдында толық жауап беруін талап етеді. Іс «Адам ұрлау» бабы бойынша тергеліп жатыр.
«Бүгін аудан прокуроры оларды жеке қабылдап, қылмыстық іс бойынша тергеу барысын түсіндірді», - деді Қазыбек би ауданының прокуратурасы.
Мұндай жағдайлар Қазақстанда жиі кездеседі. Бірақ статистикаға сүйенсек, істердің сотқа жетуі өте сирек. Көп жағдайда қызды бірнеше күн бойы күштеп ұстап, кейін ол қоғамдағы «ұяттан» қашып, амалсыздан келісуге мәжбүр болады.