Франция президенті Эммануэль Макрон мен жұбайы Брижит АҚШ сотына бірінші ханымның шынында да әйел екенін дәлелдейтін суреттер мен ғылыми деректерді ұсынбақ. Бұл туралы «BBC» Макрондар әулетінің адвокаты Том Клэрге сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселе, АҚШ-тағы оңшыл белсенді Кэндис Оуэнспен сот дауы туралы болып отыр. Ол Брижит Макрон шын мәнінде ер адам болып туған деп мәлімдеген еді. Адвокат Том Клэрдің айтуынша, Францияның бірінші ханымы бұл сөздерді «аса ауыр қабылдаған».
Клэрдің айтуынша, сотқа «ғылыми сипаттағы сараптамалық айғақтар» ұсынылады. Олардың қатарында Брижиттің жүкті кезіндегі және балаларының суреттері бар. «Мұндай фотосуреттер бар және олар сотқа ұсынылады», – деді адвокат.
23 шілдеде Financial Times газеті Макрондар ерлі-зайыптылары АҚШ-тағы журналист әрі блогер Кэндис Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіргенін хабарлаған.
218 беттен тұратын талап арыз Делавэр штатында тіркелген. Онда Оуэнс «негізсіз, жала жабушы және ойдан құрастырылған өсек-аяңдарды» таратты деп айыпталады. Оның бастысы – Брижит Макрон Жан-Мишель Тронье есімімен ер адам болып дүниеге келген деген жалған мәлімдеме. Бұған қоса, Оуэнс француз президенті мен оның жұбайы туыстық байланыста, ал Эммануэль Макрон ЦРУ-дың адамдарға жасаған тәжірибесінің немесе «сана бақылауы» атты үкіметтік бағдарламаның жемісі деген де қисынсыз айыптаулар айтқан.