Logo
Іздеу
Айдарлар

Қытайлық кеденшілер еліміздің ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарына инспекция жүргізді

/
Қытайлық кеденшілер еліміздің ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарына инспекция жүргізді
Сурет: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Осы жылдың 9 - 14  қыркүйек аралығында Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының делегациясы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен бірлесе ұйымдастырылған бұл сапар қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Инспекциялық сапар аясында мамандар Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарындағы бірқатар ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарын аралап көрді. Әсіресе, технологиялық үдерістерге, биологиялық қауіпсіздік стандарттарының сақталуына, ветеринариялық және зертханалық бақылау жүйесіне, сондай-ақ өнімді сақтау мен тасымалдау жағдайларына айрықша көңіл бөлінді.

Осы орайда Алматы қаласында Қытайдың экспортқа шығуға мүдделі кәсіпорындарды тіркеуге арналған ақпараттық платформасы- CIFER жүйесі бойынша семинар ұйымдастырылды. Қатысушылар экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ өтінімдерді беру мен қарау тәртібін талқылады. Делегация сонымен қатар Республикалық ветеринариялық зертхананың және қалалық аумақтық Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының жұмысымен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша ҚХР Бас кеден басқармасы жаңа қазақстандық кәсіпорындарды Қытай нарығына өнім жеткізушілердің мақұлданған тізіміне енгізуге негіз болатын ресми қорытынды дайындайды.

Бұл отандық өндірушілер үшін қосымша экспорттық мүмкіндіктер ашып, аграрлық сектордың одан әрі дамуына және Қазақстанның сыртқы сауда әлеуетінің артуына ықпал етеді.