Logo
Іздеу
Айдарлар

Бурабайда Назарбаевтар кланының элиталық жер учаскелері табылды

/
Бурабайда Назарбаевтар кланының элиталық жер учаскелері табылды
Сурет: ашық дереккөзден

Ақмола облысында жер ресурстарын басқару департаменті Бурабай курортындағы беделді жер телімдері үшін соттасып жатыр. Элиталық жерлердің ішінде Назарбаевтар әулетіне тиесілі учаскелер де бар, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментінің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты талап арызы бойынша жауапкерлер – «КИК-Астана» ЖШС, Назарбаев Болат Әбішұлы, Назарбаев Нұрбол Болатұлы, Назарбаев Ханбол Болатұлы, Назарбаев Хантөре Болатұлы, Назарбаева Альбина Болатқызы және «Бурабай ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қатысты шартты жарамсыз деп тану туралы іс қараусыз қалдырылсын», – делінген Бурабай аудандық сотының ұйғарымында.

Қаңтар айының басында Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті «КИК-Астана» компаниясына және елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі, марқұм Болат Назарбаевқа қарсы талап арыз берген. Талапта Болат Назарбаевтың балалары – Нұрбол, Ханбол, Хантөре және Альбина Назарбаевтар да көрсетілген. Алайда сәуірде департамент өкілі істі қайтарып алу туралы өтініш беріп, кейін бұл компания мен Назарбаевтарға қатысты ешқандай талаппен жүгінбеген.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Ақмола облысының прокуратурасы бұрынғы облыс әкімі – қазір тергеуде жүрген Қайрат Қожамжаровтың 2012 жылы қабылдаған қаулысына байланысты облыс әкімдігіне наразылық білдірген. Ол қаулыда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі жерлерді тартып алу көзделген еді. Бұл жер учаскелері кейін Щучинск қаласына қосылған.

Прокуратураның наразылығы қанағаттандырылып, шешімнің күші жойылды. Осыған байланысты жер ресурстарын басқару департаменті жергілікті биліктің жер беру туралы актілерін және кейінгі сатып алу-сату мәмілелерін жарамсыз деп тану үшін сотқа талаптар бере бастаған.