Астанада күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін Абай және Атырау облыстарының шаруалары өткізіп . Қала тұрғындары мен қонақтары аймақтардан жеткізілген өнімдерді тұрақты әрі қолжетімді бағамен сатып ала алады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталған облыстардың шаруалары елордаға 400 тоннадан астам өнім әкелді. Сауда сөрелерінде ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидек ұсынылған. Өнімдер тікелей фермерлерден жеткізілгендіктен, азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді де қолдауға мүмкіндік береді.
«Бүгін аймақ шаруалары шамамен 400 тонна өнім ұсынып отыр. Оның ішінде 140 тонна ет пен ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық, 15 тонна сүт және 20 тоннаға жуық өзге де азық-түлік бар», – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Дархан Отызбаев.
Жәрмеңкеге келгендердің айтуынша, Абай облысының өнімдері экологиялық тазалығымен ерекшеленсе, Атыраудан жеткізілген балыққа сұраныс жоғары.
«Мен бүгін арнайы балық алу үшін келдім. Мұнда жайын, сазан, көксерке бар. Дәмді, экологиялық таза, әрі сапасы мен бағасына қарай таңдау мол. Саудаласуға да болады, жәрмеңкенің ерекшелігі де сол», – дейді астаналық тұрғын Ирина.
Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері әр сенбі-жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромы аумағындағы автотұрақта (Қарқаралы тас жолы, 1) өтеді. Жәрмеңке өтетін жерге №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар қатынайды.