Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматыда Apple бренді деп сатқан жалған тауарлар тәркіленді

/
Алматыда Apple бренді деп сатқан жалған тауарлар тәркіленді
Сурет: министрлік

Алматыда Apple сауда белгісімен сатылған контрафактілік өнімдердің ірі айналымы тоқтатылды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алматыдағы «Байсат» базарында ІІМ мен әділет органдарының қызметкерлері қолдан жасалған өнімдердің үлкен партиясын анықтады. Авторлық құқықты бұза отырып сатылған жалған Apple аксессуарлары – зарядтағыштар, сымдар, құлаққаптар және басқа да құрылғылар табылды. Тексеру қорытындысына сәйкес, жеке кәсіпкер бұл тауарларды көтерме түрде елдің түрлі өңірлеріне жеткізіп отырған.

Аталған дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 158-бабы («Бөтеннің тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық нұсқауын және тауардың шыққан жерінің атауын заңсыз пайдалану») бойынша іс қозғалды. Жалпы құны шамамен 2 млн теңге болатын 1,5 мыңнан астам тауар тәркіленді.

Ұқсас жағдай «Байсат» базарына жақын орналасқан қоймадан да анықталған. Онда WD-40 (әмбебап техникалық аэрозоль) тауарлық белгісімен контрафактілік өнімдер сақталған көтерме қойма табылды. Бұл жерден құны шамамен 3 млн теңге болатын 2 мыңнан астам қолдан жасалған өнім тәркіленді.

Кәсіпкерге қатысты тағы да ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Әділет министрлігінде түсіндіргендей, қолдан жасалған тауарлар әдетте арзан әрі сапасыз бөлшектерден шығарылады. Мұндай өнімдер өртке, мүліктің жойылуына әкелуі мүмкін, сондай-ақ теріні тітіркендіретін немесе аллергия туғызатын уытты химикаттардан жасалуы ықтимал.