Logo
Іздеу
Айдарлар

"Өз-өзіне қол салғысы келді": Маңғыстауда 18 жастағы сарбазды жындыханаға жатқызған

/
"Өз-өзіне қол салғысы келді": Маңғыстауда 18 жастағы сарбазды жындыханаға жатқызған
ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында әскерге шақырылған 18 жастағы жігіт психикалық денсаулық орталығына жеткізілді, деп Arasha.kz тілшісі Информбюро 31-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Сарбаздың туыстары мұндай жағдайға әскердегі әлімжеттік себеп болды деп отыр. Айтуларынша, жас жігіт бірнеше рет өзіне қол салуға әрекет жасаған. Бірақ әскери бөлім басшылығы мәселені ашық тексерудің орнына оны психикалық орталыққа жіберіп, оқиғаны жасыруға тырысқан көрінеді.

Сұлтан Шынтеміров биыл сәуірде әскер қатарына алынған. Анасы Лаура Шынтемірова ұлының әлімжеттіктен қатты зардап шеккенін айтады. Қорлыққа шыдамай, ол тіпті білегін кесіп тастаған. Бірнеше айдан кейін тағы да өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Анасы ұлының жындыханада жатқанын басқа ата-аналардан естіп білген.

"Маған Бекзат командирі хабарласып, балаңыздың жүрегі мен бүйрегі ұстап тұр. Сол үшін дәрігерге апара жатырмыз деді. Бүйрегін тексертеді, жүрегін тексертеміз деп алдап, жындыханаға жатқызып тастаған. Оны мен басқа ата-анадан естімесем, баламның психоорталықта жатқанын да білмеймін", – дейді сарбаздың анасы.

Бейнеудегі 99116 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Сұлтан анасымен сөйлескенде әскери қызметкерлердің оны ұрып-соғатынын айтқан. Анасының сөзінше, жас сарбаздар қара жұмысқа жегіліп, тіпті әжетханада да қорлық көрген.

"Өз баламды танымай қалдым. Бұндай қылып жібермеген едім. Фотолары да бар. Құрылыс жұмысына салып тастаған. Біреудің үйінде кірпіш құйғызыпты. 99116 әскери бөлімінің толық құрамын тексерсін", – дейді Лаура Шынтемірова.

Жас сарбаз психикалық орталықта бір аптадан бері жатыр. Мұнда тағы екі әскери ем қабылдап жатқан көрінеді.

"Білектерінде сырылған жарақаттар болған. Соған байланысты "өзіне қол салу белгілері" деп алып келді. Психолог, психотерапевт мамандары қарайды", – деді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.

Қазіргі таңда сарбаздардың ісіне байланысты тексеріс басталды. Арнайы комиссия жағдайдың мән-жайын анықтамақ.