Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықты қуантатын маңызды жаңалықтарын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аймағамбетовтің айтуынша, Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар білім беру саласына қатысты заң жобасы екінші оқылымда қаралуда. Онда ғылыми байқаулар жеңімпаздарын қолдау, университеттерді қаржыландыру тетігін өзгерту, грант иегерлеріне қатысты міндетті өтеу шарттарын жеңілдету және балабақшаларды қорғау секілді маңызды нормалар қамтылған.
"Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы екінші оқылымға шығуда.
Талантты оқушыларды қолдау. Енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары 6 млн теңгеге дейін сыйақы алады. Оларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы төлем беріледі. Өткен жылы жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен ЖОО-ға түсу құқығы берілсе, бұл шара – сол қолдаудың жалғасы.
Білім ұйымдарына есім беру тәртібі. Енді жекеменшік мектептер белгілі тұлғалардың атын өз бетінше бере алмайды. Ол үшін ономастикалық комиссияның ресми келісімі қажет болады.
Университеттерді қаржыландыру. ЖОО қаржыландыруы студент санына емес, сапа көрсеткіштеріне байланысты болады. Бұл бәсекелестікті арттырып, оқу бағдарламаларын жақсартуға жол ашады.
Міндетті өтеуден босату. Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер грантты өтемеден босатылады. Ал шетелде оқуын жалғастырып жүргендерге (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі.
Балабақшаларды қорғау. Мемлекеттік балабақшаға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Олар сауда орталығына айналмайды, жеке меншікке берілмейді.
Сонымен бірге, енді балалар 6 жасқа қыста толса да, жазға дейін балабақшада қала алады. Бұрын қаңтарда 6-ға толған балаларды бірден шығарып тастайтын жағдайлар жиі кездесетін. Ол ата-аналарға үлкен қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе шешілмек", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.