79 жастағы Эррол Маскке қатысты күдік сонау тоқсаныншы жылдары туындаған, алайда ол мұның бәрін ойдан шығарылған деп атайды. Bild басылымы New York Times-қа сілтеме жасап жазғандай, оған бес баласы мен өгей балаларына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетті деген айып тағылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алғашқы айыптаулар 1993 жылы шыққан. Сол кезде оның төрт жастағы өгей қызы туыстарына әкесінің «қатыгез әрі әдепсіз түрде тиіскенін» айтқан.
Отбасының басқа мүшелері де Эрролды екі қызы мен бір өгей ұлына қорлық көрсеткен деп айыптады. Барлығы үш тергеу басталған, оның екеуі еш нәтиже бермей жабылған, үшіншісінің тағдыры белгісіз. Маск әкесін айыптауларды толығымен жоққа шығарды.
«Ешқандай дәлел болған жоқ, себебі бұл — сандырақ», — деді ол.
Оның айтуынша, туыстары балаларды арандатқан, мұндағы мақсат — Илон Маскке қаржылай қысым көрсету. Әке мен баланың қарым-қатынасы бұрыннан бүлінген. Илон әкесін сирек еске алады, еске алса да, әдетте жағымсыз тұрғыда айтады.
2017 жылы Rolling Stone-ға берген сұхбатында ол әкесінің «елестете алатын барлық жамандықтың барлығын жасағанын» айтқан. Сондай-ақ кәсіпкер бала кезінде жалғыз қалған әкесіне жаны ашып, онымен бірге тұруға көшкенін, бірақ қазір оны «сәтсіз шешім» деп санайтынын мойындаған.
Илон Масктің өз балаларымен де қарым-қатынасы қиын. Биыл көктемде оның қызы Вивиан Дженна Уилсон (трансгендер) әкесін «аянышты әрі жетілмеген адам» деп атады.
Вивиан әкесімен қатынасын 2020 жылы үзгенін мәлімдеген.