Logo
Іздеу
Айдарлар

Қарағандыда қарияны ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты сот басталды

/
Қарағандыда қарияны ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты сот басталды
Сурет: видеодан скрин

Бұл оқиға ел бойынша резонанс тудырған еді. Еске салсақ, көктемде әлеуметтік желіге бір топ жасөспірімнің жалғыз тұратын, ішімдікке салынған зейнеткердің пәтеріне баса-көктеп кіріп, оны тепкілеп, бетіне түкіріп, былапыт сөздер айтып қорлаған видеосы тараған. Қария қарсылық көрсетпеген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға наурыз айында болған. Келесі күні жаңа видео пайда болды. Белгісіз адамдар бұзақыларды тауып, оларды өздерін ұрып, кешірім сұратқан.

Бүгін Теміртаудың тоғыз тұрғыны сот алдында отыр. Оның жетеуі – кәмелетке толмағандар. Барлық айыпталушылар қамауда. Ата-аналарының айтуынша, оқиға жария болғаннан кейін жасөспірімдерге ғана емес, олардың ағайын-туыстарына да бейтаныс адамдар тарапынан жаппай қысым көрсетіле бастаған, деп хабарлады Orda.kz.

Жасөспірімдердің бірінің анасы сол күні баласын достары қонаққа шақырғанын, зейнеткердің пәтеріне де солармен бірге барғанын айтты. Ол да өзгелерге еліктеп, ұрғанын мойындаған.

«Бәрі түкіріп жатты, мен де түкірдім. Бәрі тепкілеп жатты, мен де тептім», – дейді анасы ұлының сөзін жеткізіп.

Айыпталушылардың бірінің адвокаты Әлімжан Ұзақбаев жасөспірімдерге тым ауыр бап тағылғанын айтады. Оның пікірінше, оларды тек «бұзақылық» бабымен ғана соттау керек. Ол сондай-ақ жасөспірімдерді қамауда ұстаудың қажеті жоқ, үйқамақ жеткілікті еді дейді. Оның қорғауындағы жасөспірімнің ауыр дерті бар – бір көзінен мүлде көрмейді. Қазір ем қабылдай алмай жатқандықтан, толық соқыр болып қалу қаупі бар.

Сотта жасөспірімдердің әлгі дәрменсіз қарияның пәтеріне екі рет кіргені белгілі болды. Бұған қоса, істе тағы бір жапа шегуші бар – ол жас ер адам.

Іс кәмелетке толмағандарға қатысты болғандықтан, журналистер сотқа тек айыпталушылар мен жәбірленушілердің бет-жүздері мен есімдерін жарияламау шартымен кіргізілді.

Соттың алғашқы отырысы бастала салысымен кейінге шегерілді. Себебі айыпталушылардың бірі айыптау актісімен таныспағанын айтты.