Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсының хабарлауынша, есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ҚК 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«22-26 қыркүйек аралығында ел аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ улы және әсері күшті заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz. – Есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды», – делінген хабарламада.
Заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7 мың дәрі және қосарлы мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна улы зат тәркіленді. Медициналық салада 190-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 202 медицина қызметкеріне қатысты іс қозғалды. Құрамында есірткі компоненттері бар 40 мыңдай таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула алынды. Барлығы 519 медициналық ұйым тексерілді.
Өнеркәсіп саласында 60 заңбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымы шектелді, 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді.
Ақтөбе облысында теміржол арқылы Қытайдан 80 тоннадан астам улы зат импортқа лицензиясыз әкелінгені белгілі болды. Тәркіленгеннің құны 86 млн теңгеге бағаланып отыр, ал ол заттар қосарлы мақсаттағы тауарларға жатады.
Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС-дан рецептсіз күші жоғары дәрілердің сатылымы анықталып, 35 мыңнан астам «Прегабалин», «Зоника» және «Алиса» таблеткалары тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы әйелдің лицензиясыз психотроптық заттарды заңсыз сатқаны тіркелді.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға келе жатқан көлікті тексеру кезінде жалпы құны 240 мың теңгеден асатын «Тропикамид», «Прегабалин» және «Медазепамның» 82 қаптамасы алынды.