Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстан мен Қырғызстан 2027 жылы ТМД елдерінің ойындарын өткізуден бас тартты

/
Қазақстан мен Қырғызстан 2027 жылы ТМД елдерінің ойындарын өткізуден бас тартты
Сурет: ТАСС

Қазақстан мен Қырғызстан 2027 жылы өтетін IV ТМД елдерінің ойындарының қожайыны болудан бас тартты, деп хабарлайды Arasha.kz.

ТАСС мәліметінше, Гянджеде ТМД елдерінің дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысы өтіп жатыр. 29 қыркүйекте ТМД ойындары аясында аталған кеңестің жиыны өтіп, күн тәртібіндегі сегізінші мәселе — «IV ТМД елдерінің ойындарын өткізу туралы ұсыныстар» қаралды.

ТМД ойындары туралы ережеге сәйкес, олардың өткізілу орны мен мерзімі қабылдаушы елдің келісімімен кеңесте бекітіледі. Әдетте ойындар әліпби ретімен ТМД елдерінде кезекпен ұйымдастырылады. Бұған дейін ТМД Атқару комитеті Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтеріне IV ойындарды өткізу жөнінде ұсыныс жолдаған болатын.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов пен Қырғызстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Мақсат Мамытқанов өз мемлекеттерінің 2027 жылы бұл жарысты өткізе алмайтынын мәлімдеді.

Қазақстан ТМД ойындарын қабылдаудан «Болашақ ойындары» сияқты ауқымды халықаралық жарыстарды 2026 жылы өткізетініне байланысты бас тартты. Нұрмұханбетовтың айтуынша, шешім ұйымдастырушылық, қаржылық және әкімшілік ресурстарды осы ойындарға және өзге де чемпионаттар мен әлем кубоктарына шоғырландыру қажеттілігіне байланысты қабылданған. 

«Қазақстан Республикасы мемлекетаралық бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін қолдайды және қолайлы жағдайда ТМД ойындарын алдағы жылдары өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын», — деді ол.

Қырғызстан болса қаржылық қиындықтарға байланысты ойындарды өткізе алмайтынын айтты. Елші Мамытқановтың сөзінше, 2026 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары және басқа да ірі спорттық жарыстар республикалық және жергілікті бюджетке елеулі салмақ түсіреді. Сонымен қатар халықаралық стандартқа сай спорт нысандары кейбір спорт түрлерінде жоқ немесе әлі салыну үстінде. 2028 жылғы жазғы Олимпиада алдында мемлекеттердің бәрі лицензиялық турнирлер мен чемпионаттарға қатысуға дайындалатындықтан, негізгі қаржы спортшыларды дайындау мен жарыстарға қатысуға жұмсалмақ. Осы себепті Қырғызстан 2027 жылы ТМД ойындарын лайықты деңгейде өткізе алмайды.

Қазақстан мен Қырғызстан өкілдерінің мәлімдемесінен кейін Кеңес ТМД-ның басқа елдеріне, соның ішінде бұл жарысты бұрын қабылдаған мемлекеттерге IV ойындарды өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Жиынға сондай-ақ ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтімов, Әзербайжанның жастар және спорт министрі Фарид Ғаибов, Ресей спорт министрінің орынбасары Алексей Морозов, РФ Спорт министрлігінің білім, ғылым және халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Евгения Павлова, Беларусь спорт және туризм вице-министрі Александр Барауля, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан өкілдері қатысты.

Айта кетейік, III ТМД ойындары Әзербайжанның жеті қаласында өтіп жатыр және 8 қазанда аяқталады. Бағдарламаға 21 спорт түрі енгізіліп, 505 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Алғашқы ойындар 2021 жылы қыркүйекте Қазанда, екінші ойындар 2023 жылы тамызда Беларусьте өткен болатын.