Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматыда бетперде киген үш адам кәсіпкердің үйінен 500 млн теңге ұрлаған

/
Алматыда бетперде киген үш адам кәсіпкердің үйінен 500 млн теңге ұрлаған
Сурет: polisia.kz

Алматыда кәсіпкердің үйін тонаған үш адам ұсталды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«12 қыркүйекте түнгі уақытта Алматы қаласының Медеу ауданында бетперде киген үш ер адам үйге баса-көктеп кіріп, тапаншамен қорқытып, зергерлік бұйымдарды, қымбат бренд сағаттарын және ақшаны иемденген. Келтірілген жалпы шығын 500 млн теңгені құрады. Кейін олар жәбірленушілерді байлап, белгісіз бағытта із жасырған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің үшеуі ұсталды: олардың екеуі Алматы қаласының тұрғыны, біреуі Алматы облысының тұрғыны, бұрын сотталмаған», – деді сейсенбі күні ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, тінту барысында жәбірленушілерге тиесілі зергерлік бұйымдар мен сағаттар тәркіленген.

«Қазіргі уақытта ұсталған үш күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды», – деді Нұрмағамбетов.

Сондай-ақ ол тергеу барысында күдіктілердің биыл Алматы облысында және 2024 жылы Алматы қаласында жасалған екі ұқсас, әлі ашылмаған қарақшылық шабуылға қатысы бар екені анықталғанын айтты.

«Қылмыстық іс тергелуде. ҚР ІІМ азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін кез келген қатерге жедел әрекет етіп, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып жатыр», – делінген хабарламада.