Астанада алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру ісі бойынша үкім шықты. Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті анықтағандай, бір топ адам жалған құжаттар мен жалған тұлғаларды пайдалана отырып, жүздеген миллион теңгеге заңсыз несие рәсімдеген. Сот оларды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Arasha.kz.
2023 жылы айыпталушылардың бірі ұлының атынан сенімхат арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-да жалпы сомасы 115 млн теңгеге екі несие рәсімдеген. Бұл несиелер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялаған мемлекеттік жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында берілген.
Қаражат алу үшін ол сыбайластарының көмегімен банкке жалған құжаттарды, соның ішінде мүлікті бағалау туралы жалған есептерді тапсырған. Схемаға аффилиирленген тұлғалар да қатысып, өз аттарына нарықтық құнына сәйкес келмейтін жылжымайтын мүліктерді рәсімдеген.
Кейінірек, 2023 жылдың желтоқсанында сыбайластар тағы бір несие рәсімдеген – 155 млн теңгеге. Ол ауыр науқастанған әйелдің атына алынған. Олар әйелдің ЭЦҚ-на қол жеткізіп, жалған шарттар, шот-фактуралар және нан пісіру жабдықтары жеткізілгенін растайтын актілер жасаған. Іс жүзінде ешқандай жабдық жеткізілмеген, ал қаржы бақыланатын жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Әйел қайтыс болғаннан кейін де қатысушылар құжаттарды кейінгі күнмен жалған рәсімдей берген.
Тергеу барысында схемаға банк қызметкерінің қатысы бар екені анықталды. Ол кредиттік өтінімдерді рәсімдеуге көмектескені және кеңес бергені үшін 500 мың теңге алған.
Жалпы залал 155 млн теңгені құрады. Сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеуді бұйырды: демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі және Астанадағы коммерциялық нысан.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.