Түркістан облысы Келес аудандық сотында ақыл-есі кем 24 жастағы жігітті зорлау ісі аяқталуға жақындады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 2025 жылдың наурызында «НеМолчи.kz» қоры жариялаған мәліметтерден белгілі болды. Ұйымның дерегінше, даму деңгейі 4 жасар балаға сәйкес келетін жігіт бірнеше жыл бойы немере ағайындары мен көршілерінің зорлық-зомбылығына ұшырап келген.
Tengrinews.kz сайтының жазуынша, жәбірленушінің анасы қылмысқа алты адамның, оның ішінде кәмелетке толмағандардың да қатысы бар екенін айтқан. Алайда сот алдында тек жәбірленушінің үш ересек немере ағайыны ғана отыр.
Процесс жабық режимде өтуде. Айыпталушылардың екеуіне бірнеше рет топ болып зорлау дерегі (ҚК 121-бабының 2-бөлігі, 1 және 4-тармақтары) бойынша айып тағылған.
Үшіншісі топ болып зорлағаны және ұрлық жасағаны үшін (ҚК 121-бабының 2-бөлігі, 1-тармақ; 188-бап) жауапқа тартылуда.
30 қыркүйекте сотта тараптардың жарыссөзі өтті. Жәбірленушінің адвокаты Гулайхан Тұрсуманованың айтуынша, прокурор үш айыпталушыға да 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.