Алматы облысында екі бірдей атом электр станциясын (АЭС) салу жоспарда бар. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Атом энергетикалық нысанын салу мәселесі қарастырылып жатыр – ол қолданыстағы нысанға қосымша бола ма, әлде базалық станция бола ма, мүмкін, бұл кіші немесе орта қуатты станция болуы ықтимал. Ол «Ғылым қалашығының» қажеттіліктерін өтеу, ғылыми мақсаттар үшін, сондай-ақ өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін салынуы мүмкін», – деді Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, бұл – қазіргі жоспарларда көрсетілген «негізгі тәсіл».
«Біз мұны дәл осындай ретпен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, Алматы облысының Үлкен ауылында алғашқы АЭС құрылысы басталған болатын.