Logo
Іздеу
Айдарлар

"Ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті": Тоқаев қуанышты хабарды жеткізді

/
"Ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті": Тоқаев қуанышты хабарды жеткізді
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Міржақып Дулатұлы "Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім" деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, соңғы бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есе ұлғайып, 1200 жаңа мектеп ашылған. Сондай-ақ, мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты.

Президент "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында заманауи талаптарға сай 150 жаңа білім ошағының салынғанын және тағы 67 мектептің құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

"Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұғалім болу – ерекше қабілет пен шеберлікті талап ететін үлкен жауапкершілік екенін айтып, ұстаздардың еңбегі соған сай әділ бағалануы тиіс екенін жеткізді.