Logo
Іздеу
Айдарлар

Шымкентте айыпталушыдан ақша талап еткен тергеуші сотталды

/
Шымкентте айыпталушыдан ақша талап еткен тергеуші сотталды
Сурет: pexels

Шымкентте полиция қызметкеріне қатысты сот ісі аяқталды. Жас тергеуші алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Otrar.kz сілтеме жасап.

Айыпталушылар орындығында Еңбекші аудандық полиция басқармасының 25 жастағы тергеушісі отырды. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот оны кінәлі деп танып, үкім шығарды.

 Тойлыбай Айзат Бауыржанұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 24 және 190-баптары бойынша кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 2 жыл 7 ай 15 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот мәліметінше, өткен жылдың маусым айында тергеуші қылмыстық іс фигурантынан жауапкершілікке тартпау үшін 600 мың теңге талап еткен. Ақшаны алу кезінде ол қолма-қол ұсталған.

 Куәгердің арызы негізінде Айзат Тойлыбайға арнайы құралдар берілген. Ақшаның бір бөлігі химиялық затпен өңделген. Тексеру кезінде оның үстінен 200 мың теңге шынайы және 400 мың теңге жалған купюра табылды. Айыпталушы бұл ақшаны алғанын мойындады.

Сот барысында бұрынғы тергеуші өз кінәсін мойындап, айыппұлмен шектелуді сұраған. Алайда сот үкімі қатаңырақ болды — бас бостандығынан айыру. Бұл үкім күшінде қала ма, әлде шағым түсіріле ме — оны сот шешеді.