Logo
Іздеу
Айдарлар

Астанада бір тұрғын үйдің ақшасын түгелдей жымқырған шенеунік сотталды

/
Астанада бір тұрғын үйдің ақшасын түгелдей жымқырған шенеунік сотталды
Сурет: видеодан скрин

Астанада «Дорстройтрест» ЖШС басшысы тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаржысын иемденіп, талан-таражға салғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенін салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша “Дорстройтрест” ЖШС басшысына қатысты сот үкімі шықты. Тергеуді агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді.  Сот үкімімен “Дорстройтрест” ЖШС басшысы Нурабаев кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалып, мердігерге 2,6 млрд теңге көлемінде аванс төленген.

Алайда тексеріс барысында құрылыс жұмыстары талапқа сай орындалмағаны және мерзімінде аяқталмағаны анықталған. Тергеу мәліметінше, аванстың едәуір бөлігі бөгде қарыздарды өтеуге және автокөліктер сатып алуға жұмсалған.

Сонымен қатар шамамен 650 млн теңге жалған келісімшарттар арқылы серіктес компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сот Нурабаевтың 131 млн теңге көлеміндегі мүлкін тәркілеуге шешім шығарды.

Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуге жарияланды.